
Бүгін Қызылащы ауылдық округіне қарасты Ж. Балапанов ауылындағы №56 сайлау учаскесінде тұрғындардың азаматтық белсенділігі байқалды.
Ауылдық округ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркетай Егінбаев бастаған 40 ардагерден құралған ұйымшыл топ, сондай-ақ ауылдың сыйлы ақсақалы Рысбек Қуатов бір мезетте сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауын жасады.

Аға буын өкілдері сайлаудың ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, азаматтық жауапкершіліктің әр азамат үшін маңызды екенін атап өтті.
«Сайлау – еліміздің ертеңі мен келешегі үшін маңызды шара. Бұл – болашақ ұрпақтың даму бағытына әсер ететін жауапты таңдау. Сондықтан біз, аға буын өкілдері, ел бірлігін сақтап, қоғамдық мәселелерге белсенді араласуды азаматтық міндетіміз деп білеміз», – деді ауыл ақсақалдары.
Қазіргі таңда Қызылащы ауылдық округінде 1600-ден аса тұрғын тұрады. Оның ішінде 848 адам – сайлаушылар. Ауыл тұрғындарының шамамен 35–37 пайызын қарттар мен аға буын өкілдері құрайды. Бұл ауыл өміріндегі ардагерлердің орны ерекше екенін көрсетеді.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы өз таңдауын жасап қана қоймай, ауыл тұрғындарын да сайлау құқығын белсенді пайдалануға шақырды. «Елдің ертеңі – бүгінгі таңдаудан басталады. Әр азамат өз дауысын беру арқылы қоғамның дамуына үлес қосады. Біз аға буын ретінде жастарға үлгі болуды, елдік мәселелерге белсенді араласуды өзімізге міндет санаймыз», – деді Қызылащы ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркетай Егінбаев.
Қазыналы қарттар мен аға буын өкілдерінің ұйымшылдығы мен белсенділігі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Олардың қоғамдық өмірге белсене араласуы ауылдағы ауызбіршілік пен азаматтық жауапкершіліктің берік екенін көрсетті.
Аға буынның өнегесі – кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар. Ел бірлігі бекем болсын!
