Заң алдында бәрі тең

Кейде қоғам арасында талқылауда жүрген кері пікірді құлағымыз шалып жатады. Ол – заң алдындағы теңдік мәселесі.

Заң үстемдігі тұжырымдамасы ешкім­нің заңнан жоғары бола алмай­тын­­дығын, заң алдында бәрі тең еке­нін айқындайды. Ешкімді заңда белгі­лен­беген тәртіппен жазалауға болмайды, яғни заңдылық пен әділеттілік – адам құқықтарын тиімді қорғау үшін қажет өзара байланысты екі талап.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ата заңы, басқа да заңдық құжаттар адамдарды шығу тегіне, материалдық байлығына, әлеуметтік лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне, тұрғылықты жеріне байланысты немесе өзге де мән-жайларға байланысты бөлектеу мен кемсітушілікке жол берілмейтіні нақты көрсетілген. Яғни, әр азамат заң алдында тең таразыда орналасқан. Ешкімге де артық құқық, басымдық берілмейді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары абсолютті деп танылған. Бұл мемлекетіміздің негізгі тірегі, Ата заңда жазылған.

Зайырлы елде өмір сүріп жатқандықтан заңдық тұрғыда елдің әр азаматына теңдей бостандық, ортақ құқықтық мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, жауапкершілік жүгі бай-кедей, кәрі-жас, ер-әйел деген түсініктерге бөлінбей, баршаға бір көлемде салмақ беріп тұр. Сіздің қорғалуыңыз бен жауапқа тартылуыңыз да осы тең құқықтар төңірегінде шешіледі. Демек, заң біздің дәрежемізді емес, нақты адамды қорғауға бағытталғанын аңғарамыз.

Егер сіздің құқығыңыз тапталып, яки жеке басыңызға қатысты түрлі сипаттағы қылмыстар жасалса мемлекет толықтай қалқан болуға міндетті. Бұл жерде әлеуметтік ерекшелігіңізге мән берілмей, еліміздің толыққанды мүшесі ретінде қарастырылатыныңызды ескере кетіңіз. Бұл талаптар өзіңіз қылмысқа барсаңыз да осы дәрежеде қолданылады. Яғни, істеген ісіңізге қарай заң аясында дәрежеңізге қарамастан толықтай жауапкершілікке тартыласыз.

Мұрат АЛМАСҰЛЫ,

Алакөл аудандық прокуратурасының аға прокуроры.

Мәліметпен бөлісу: