
Тарихтың ең ауыр сабағы – мемлекеттер сыртқы жаудан бұрын ішкі тәртіпсіздіктің кесірінен күйрейді. Бұл – ғасырлар бойы өзгермеген ақиқат. Заң аяққа тапталған жерде әділет жоғалады. Әділет жоғалған жерде халықтың сенімі жоғалады. Ал сенім жоғалған қоғамның болашағы бұлыңғыр.
Қазақ халқы мұны ерте түсінген. Сондықтан ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, заң мен әділдікті бәрінен жоғары қойған. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – жай ғана заңдар жинағы емес, мемлекетті сақтап қалған саяси құжаттар еді. Себебі олар халыққа бір ғана қағиданы үйретті: заң бәріне ортақ болуы керек.
Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи кезеңде тұр. Әлем күрделі өзгеріп жатыр. Геосаяси шиеленіс күшейді, жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Мұндай уақытта мемлекетті ұстап тұратын ең басты күш – заң мен тәртіп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруы – жай ғана саяси ұран емес. Бұл – мемлекеттің ертеңін қорғауға бағытталған стратегиялық шешім. Өйткені заң үстемдік құрмаған жерде жемқорлық жайлайды, қылмыс көбейеді, қоғамда әділетсіздік қалыптасады. Ал мұндай ортада экономика да дамымайды, инвестиция да келмейді, халықтың мемлекетке деген сенімі де нығаймайды.
Кейде адамдар «бір ғана ереже бұзсам ештеңе етпейді» деп ойлайды. Бірақ кез келген үлкен қасірет кішкентай жауапсыздықтан басталады. Бір жүргізушінің жылдамдықты асыруы – бір отбасының қайғысына айналуы мүмкін. Бір шенеуніктің заңды елемеуі – мыңдаған адамның тағдырына әсер етеді. Бір азаматтың жемқорлыққа жол беруі – тұтас қоғамның дамуын тежейді. Сондықтан заңды сақтау – полицияның ғана емес, әр азаматтың борышы.
Өркениетті мемлекеттердің табысының сыры да осында. Заңға бағынатын елдерде адамдар өз құқықтарының қорғалатынына сенеді. Сенім бар жерде еңбек өнімді болады, кәсіпкер тәуекел етеді, жастар өз болашағын туған елінде көреді. Ал заң әлсіз мемлекеттерден адамдар кетеді, капитал кетеді, мүмкіндік кетеді.
Қазақстанның таңдауы айқын болуы тиіс. Біз тәртіпсіздікке емес – жауапкершілікке, заңсыздыққа емес – әділдікке, бейберекеттікке емес – құқық үстемдігіне сүйенген мемлекет құруымыз қажет. Бұл – бір Президенттің немесе бір мемлекеттік органның міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың күнделікті ісінен басталатын ұлттық ұстаным.
Егер біз шын мәнінде Әділетті Қазақстан құрамыз десек, ең алдымен заңды құрметтеуді үйренуіміз керек. Өйткені заңды сыйлаған халық ешқашан әлсіремейді. Ал заң үстемдік еткен мемлекет әрдайым қуатты болады.
