Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – біртұтас ұлт тұғырнамасы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген міндеттер мен Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын өз дәрежесінде жүзеге асыру басты міндеттердің қатарында екендігі белгілі.

Президентіміз өз мақаласында қоғамдық сананы өзгертудің, халықты рухани жаңғыртудың нақты жолдарын ұсынған еді. Онда жаңа ғасырдағы ұлттық сана заман талаптарына қалай бейімделуі қажеттігі жүйелі, әрі нақты көрсетілді.

Жаңа тұрпатты жыңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу екендігі ақиқат дүние.
«Ұлттық код» — сан ғасырлық тарихи тамырымыз, бізді өзгелерден ерекшелеп тұратын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, діни ұстанымдарымыз, тіліміз бен діліміз.
Ғаламтор түсінігі енгелі бері дәуірдің дидары өзгеріп, толассыз жауған ақпарат легіне тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Сөйтіп, ол халықтың санасын жаулап, құдіретті күшті иемденді. Осы ретте ел боламыз десек, жаһандық кеңістікке жұтылмай, өз болмысымызды сақтап қалғанымыз абзал.
Өткен ғасырда елді тамырынан ажыратып, тілін ұмыттыруға, рухын төмендетіп, жадын өшіруге бағытталған жымысқы саясаттан да аман шықтық. Тәуелсіздік таңы атқанда қазақтың арғы-бергі тарихында із қалдырған ұлы бабалардың ерлігін жаңғыртып, есімін тасқа ойып, ескерткіш орнату жаппай көрініс тапты.Ұлттың рухын оятуға бағытталған бұл шаралар сол мезеттерде өте қажет еді.
Кейіннен Ұлт көшбасшысының бастамасымен «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сынды бағдарламалар іске асырыла бастады. Соның нәтижесінде ғалымдар өткенімізге қатысты көптеген тың деректер тауып, ғылыми айналымға еңгізді. Сөйтіп, қоғам өзінің рухани бағдарын айқындап, оны бойына сіңіругі толық мүмкіндік алды. Мемлекет тарихына тәуелсіз көзбен қарайтын жаңа сана қалыптасып, мүлдем жаңаша ойлайтын, егемендік ұрпақтары өсуде.

Елбасы ұлттық болмысты сақтай отырып, жаңа заманға бейімделудің нақты алты бағытын көрсетіп берді.
Алғашқысы жаһандық талаптарды ескере отырып бәсекеге қабілеттілікті арттыру.

Әлемдік нарықта сұранысқа ие болудың бірден-бір жолы кез-келген салада өзіміздің үздік екенімізді таныту екендігі жасырын емес.

Екінші бағыты прогматизм түсінігі. Асты алтынға, үсті астыққа толған ұлан-ғайыр даламыздың байлықтарын тиімді әрі ретімен пайдалану ұрпақтар алдындағы парызымыз.
Үшіншісі – ұлттық бірегейлікті сақтау. Қазақтың өзіне ғана тән салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, жөн-жоралғын, тілін, музыкасы мен әдебиетін қалыбына құйылған қалпы болашаққа жеткізсек ұлттық болмысызға сызат түспесі анық.

Төртінші мақсат – білімнің салтанат құруы. Бүгінде, ең басты қуат – адам капиталы, ең басты байлық — білім. Елбасы осы ақиқатты әркім терең түсініп, соған ұмтылуы керектігін баса айтты. Қазір елімізде білім тұғыры нық орнығуы үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Рухани жаңғыру аясындағы жобалардың өзі тұтаса келгенде осы мақсатқа жетуді көздейді.

Бесіншісі – Қазақстанның революциялық емес эволюциялық жолмен дамуы. Оның маңызын ТМД елдерінің бүгінгі ала-құла деңгейлерінен айқын көруге болады. Түрлі-түсті төңкерістерді көргендердің бірі сан жылға кері шегінсе, екіншісі тұтастығынан айырылып, соғыстан көз ашпауда. Елбасы қазіргі әлемнің беталысынан сабақ алу және соған сәйкес қарекет қылу тұтас қоғамның міндеті екенін ескертеді.

Соңғы бағыты — сананың ашықтығы. Ұлттық болмыстан айнымау деген – тас бүркеніп отыруды білдірмейтінін мемлекет басшысы баса айтты. Әлемдік құбылыстарды бағамдай алу, болашақтағы өзгерістерге дайын болу және дүниежүзіндегі озық тәжірибелерді игеру дамыған отыз елдің көшін бастауымызға ұйытқы болары сөзсіз.
Мақаланың екінші бөлімі қазақстандықтар жоғарыда айтылған қасиеттерге ие болуы үшін қолға алынуы тиіс нақты жобаларға арналғанын білесіздер. Құнды құжат жарияланғаннан кейін аудан әкімдігі жанынан «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс топтары әр бағыт бойынша белсенді түрде өз қызметтерін атқаруда.

Өздеріңізге белгілі, жақында тіл саласындағы ең белді ғалымдар жасаған жаңа әліпбидің жобасы таныстырылды және көпшіліктің қолдауына ие болуда. Жаңғырған қаріп үлгісі білім беру саласынан басталып, мемлекет өміріне біртіндеп, жоспарлы түрде еңгізілмек. Үнемі назарда болуға тиіс мәселе – өзге тілдерге еш нұқсан келтірмейді. Бұл – таза қазақ тілінің ғана мәселесі.

Сонымен қатар арнайы жұмыс тобы әлемдегі ең озық оқулықтарды іріктеп, қазақша аударуды қолға алды. Ұсынылған 800 оқулықтың ішінен биыл 17-сі іріктеліп алынды. Ұлттық аударма бюросы құрылып, оған бұл саладағы ең білікті мамандар да тартылды. Келер жылдан бастап қазақ тілді жастар әлемнің ең үздік оқулықтарын ана тілінде оқып, білім алатын болады.

Ал «Туған жер» жобасы бір кезде ұясынан түлеп ұшқан, бүгінде қанаттары қатайып, биікке самғаған әрбір қазақстандықтын ауыл-абанға оралуының негізі. Оралу деген – жұртты қайтадан ауылға жинау емес, әркімнің туған жерге ниетімен бет бұрып, оған қамқорлық жасауы. Жақсы істің үлкен, кішісі болмайды. Жас демей, жасамыс демей, әркім туған елінің алдындағы перзенттік парызын сезіне білсе, біз гүлденген елге айналамыз.
Бұл жоба біздің де ауданымызда жоғары дәрежеде жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, атымтай жомарт жерлесіміз Б.Оспанов Лепсі ауылындағы мектеп интернаттың жаттықтырушылары мен мұғалімдеріне арналған 10 тұрғын үй және 16 бөлмелі жатақхана салып беріп, Қабанбай ауылындағы спорт зал мен Жыландыдағы «Есім Төре» кесенесін күрделі жөндеуден өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан ауылында «Ерасыл» шаруа қожалығының төрағасы Е.Жуанышбаев ауыл тұрғындарына саябақ салып берді. Жеке кәсіпкер Е.Малтабаров және Н.Мейірмановтың демеушілігімен Екпінді ауылының көшелеріне жарық бағаналырын орнатса, Н.Маманованың қолдауымен 550 метр зират қоршалды. Көктұмалық А.Қорабаев туған ауылына жылжымалы сахна орнатса, «BAUTEN» ЖШС директоры У.Мырзагулов Ақтүбек орта мектебіне 14 компьютер мен проектор сыйға тарты.
2018 жылдың қаңтарында 3 жоба жүзеге асырылды. Жергілікті меценат Б.Оспановтың қолдауымен Лепсі ауылында учаскелік полиция пункті және Жыландыда бала асыруашы отбасына арналған тұрғын үйлер қолданысқа берілсе, Көктұма ауылдық мәдениет үйіне Ә.Әзімхановтың демеушілігімен құрал-жабдықтар табысталды.

Бұның барлығы туған елім деп елжіреген жүрек пен туған жерім деп еңбекке сыбанған білектің арқасында іске асты.
«Қазақстаннның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында ауданда 20 киелі жерлердің тізімі жасалды. Аталмыш орындардың инфрақұрылымын дамыту, халыққа, әсірісе жас ұрпаққа таныстыру, танымал туризм нысандарына айналдыру – басты міндеттердің қатарында.

Елбасы отандық мәдениеттің жауһарларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және жер жүзіне ең озық тәсілдермен насихаттау жөнінде тапсырма берді. Осы бағытта әдебиет, музыка, театр, кино және хореография жанры мен бейнелеу өнерінен үздік туындылар іріктелуде. Олар тиісті сараптау мен талқылаудан өткеннен кейін әлемдік мәдениет сахнасына жол тартады.
Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, табысқа жеткен, бүгінде ел дамуына үлесін қосып жүрген 100 азамат анықталып, олардың табысқа жету жолдарын көрсететін насихат жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте айта кететін бір жағдай бұл бағдарламалық мақаланың өзі діни ахуалдың тұрақтылығын, конфессияаралық қатынастардың бірқалыптылығын көздейді. Әр ұлттың ішінен іріткі салып, ынтымағына сына қағуға бағытталған түрлі жат ағымдардар, теріс пиғылды сенім иелері өз жан-дүниелерін «рухани жаңғыру» синтезінен өткізсе құба-құп болар еді. Себебі, тағдырдың жазуымен, тірліктің адастыруымен шалыс басқан азматтар, әрине, екінші мүмкіндікке ие болуға құқылы. Өйткені, «Дін» алауыздықты емес ауызбірлікті, бүлікті емес бірлікті, ұрысты емес ырысты көздейді. Әлем елдерінінің санасына салмақ түсірген терроризм, экстремизм, радикализм, фундаминтализм, сепаратизм сынды түрлі «изм»-дар дін түсінігінен жат екендігін барлығымыз жете түсінгеніміз абзал. Әсіресе, кейінгі жиырма жылдықтың ішінде хақтың жолы «Ислам» дінінің атақ-абыройына көптеген кір жағылды. Соның салдарынан, «Сенімге» сенімсіз қарайтындардың қарасы көбейіп, бірталай жерлестеріміз өз ағымдардың жетегінде кетіп, ақыры соңында опық жеп, өкініш отына өртенуде. Осы ретте Елбасы мақаласында көтерілген мақсаттар толығымен орындалып жатса, онда заман сынағынан дініміз де дінаман шығары сөзсіз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы күллі ел болып жүзеге асыратын, айрықша маңызды міндет деп білемін. Сондықтан, оған ат үсті қарамай, әрбір қазақстандық өзінің сүйемдей болсын үлесін қосқаны жөн.

М.СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: