Үздіксіз дамудың тірегі – білім

Сындарлы сағатта сағымыз сынбай, салымыз суға кетпеш үшін бізге ең алдымен бірлік пен береке қажет. Тастүйін ымырашылдық пен тігісі сетінемеген татулық бізді баянды болашаққа қарай бастар басты құндылығымыз десек те болады. Бұны сонау тоқсан бірдің тоқырау жылдарында тәуелсіздік тұғырын төбемізге көтерген сәттен бері ұғындық, түсіндік.

Қазіргі әлем халқын дүрліктірген қауіпті дертті алдын алу мақсатында дүниежүзі бойынша түрлі іс атқарылуда. Пандемияның тамыры таралған Қазақстан да халық саулығын сақтау және жұрттың амандығын қамтамасыз ету мақсатында көптеген келелі істерді жүзеге асырып жатыр.

Соның тағы бір дәлелі Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысындағы Президеттің бүгінгі Жолдауы. Дағдарыстан кейінгі ел дамуының негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған құнды құжатта болашақ иелерін білім шыңына қарай сүйреп келе жатқан ұстаздардың да жағдайы туралы көп дүниелер айтылды.

Ұстаз… Әр адам баласы үшін қастерлі де қадірлі есім. Кез келген жұмыр басты пенде жер асып жүруіне ең алдымен әліппені әріптеп жаттатып, тәлімді тәрбиенің уызына жарытар мұғалімге қарыздар. Болашақ жастардың қолында десек, сол өскелең ұрпақты келеешкке қарай жетелеп келе жатқандар да осы ұстаздар қауымы.

Мыңжылдықтар төрінен мәңгілікке аттанған Қазақтанның болашағы өскелең ұрпақтың қолында екендігі дау тудырмас. Ал сол жастарды кемел келешекке қарай жетелеп келе жатқан Ұстаздар қауымының мойынына сұранысы ауыр, сыны мен сынағы мол жауапкершілік жүктелген. «Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет». Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі саналады.

Осы ретте Президент Қ.Тоқаев өзінің сын сағаттағы Жолдауында педогогтардың жағдайын жақсарту, оларға тиісті көңіл бөлу мен пандемияға байланысты онлайн оқу жайында да сөз қозғады.

Айта кетсек, 2021 жылдың басынан ұстаздардың жалақысын 25 пайызға ұлғайту мәселесі және уақыт өткен сайын өсіру ісін алдыңғы қатарға қойып отыр. Себебі қиындығы мен жауапкершілігі қатар өрілген бұл мамандық иелерінің мемлекет іргетасының қалануындағы маңыздылығы айқындалып келеді.

«Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді»,- деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы қашықтықтан оқыту үрдісі бойынша: «Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні уатсаптан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар біріңғай онлайн беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласуды орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне әзірленген жөн. Бұл әсіресе, мектеп үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алу қажет»,- деп атап өтті.

Шынымен де, білімге жіті назар аудару бүгінгі жаңа технологиялар мен ғылымның заманында өте өзекті болып отыр. үздіксіз, үзіліссіз дамыду қамтамасыз ету үшін ең алдымен ұрпақтың ақыл-санасының, ой-өрісінің жоғары болғаны жөн. Ал бұл жолдаға ең алғашқы салмақ мұғалімдерге түспек.

Еркежан ЕСЕНБЕКОВА,

Үшарал қазақ гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: