Дзюдо күресінің негізін қалаушы Дзюгаро Каноның ізін басып, жолын қуған білікті де білекті жас балуандарымыз жетерлік. Олардың арасында облыстық, республикалық, халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, аудан атағын асқақтатып жүргендері де аз емес. Біздің міндет, топырақты енді жарып өсіп келе жатқан жас спортшылардың ары қарай көктеп кетулеріне септігімізді тигізу екендігі айқын.
Жуырда Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау және ҚР спорт шебері Қ.Тоқтабаеты еске алу мақсатында Достық кентінде дзюдо күресінен аудандық ашық турнир жалауын желбіретті.
Шараның ашылу салтантында татамиде тайып көрмеген талай тарландарды тәрбиелеген білікті бапкер Б.Мустафин сөз алып, дүбірлі доданың өтуіне ұйытқы болған Достық орта мектебінің директоры А.Садиева мен жергілікті жаттықтырушы, самбо күресінен спорт шебері Н.Айдарбековке алғыс білдіріп, бап пен бақ таласына түскелі келген саңлақтарға сәттілік тіледі.
Байрақты бәсекеге біздің өңірден бөлек Шығыс Қазақстан облысының да жауырыны оңайлықпен жерге тимейтін балуандары жиналды. Екі күнге созылған турнирда 270-тен астам боз кілемнің шаңын қаққан сайыпқырандардың үздіктері іріктелді. Кіл мықтылардың басы қосылған дода көрермендердің де көңілінен шықты. Түрлі әдіс-тәсілдер қолданып, татамиде тегеурінді тіреске түскен жастар бас жүлдеден дәмелі екендіктерін бірінші минуттардан-ақ байқатты.
Жарыстың қорытындысы бойынша 2007-2009 жылы туылғандар арасында М.Данабеков(23кг), И.Батырбекұлы (26кг), М.Осман(29кг), А.Абилез(32кг), Ш.Ерғали(35кг), И.Салинбай(+35кг), 2004-2006 жылғы балуандар ішінде Н.Асқар (26кг), Ж.Қанатхан (29кг), К.Жұмабай(32кг), А.Аликси(35кг), Б.Абдоллаев(38кг), А.Какен(42кг), Б.Аликси(46кг), Ж.Жұмабек(50кг), М.Солтанғазы(55кг), Н.Мұхаметқали(60кг), Н.Тоқтасынов(+60кг) жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынды.
Командалық есеп бойынша жайпақтықтар үшінші, үшаралдықтар екінші, жарыс қожайындары бірінші орынға жайғасты.
Турнир жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар, медальдар, дипломдар мен кубогтар табысталды.
А.ЕСЕНБЕКОВ.
Керемет турнир болды!