
Президент Қ.К.Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөйлеген сөзі елдің саяси дамуындағы маңызды кезеңнің аяқталуын және мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшуді білдірді. Мемлекет басшысы екі палаталы парламенттік қызметтің отыз жылында тәуелсіз Қазақстанның заманауи заңнамалық жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Осы кезеңде шамамен 3500 заң қабылданып, оның оннан біріне депутаттар бастамашылық жасаған. Тек соңғы үш жылда ғана Парламент 300-ден астам заң қабылдап, ал жаңа Конституция қабылданғаннан бері ұлттық заңнаманы жаңа саяси жүйеге толық бейімдейтін 6 конституциялық заңды қоса алғанда, тоғыз заңнамалық пакеттің әзірленуін қамтамасыз етті.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның күшіне енуі ел дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделінің негізі өкілеттіктердің тиімді тепе-теңдігін, саяси тұрақтылықты және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруды қамтамасыз ететін «Күшті Президент – Ықпал етуші Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» формуласы болып отыр. Бұл ретте, жаңа Құрылтай заманауи сын-қатерлерге жедел үн қатуға қабілетті, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалана алатын және қабылданатын шешімдердің жоғары сапалы сараптамалық пысықталуын қамтамасыз ете алатын заманауи заңнамалық алаңға айналуы тиіс.
Президент сондай-ақ Жаңа Қазақстандағы өкілдік демократияның негізгі институтына айналатын және отандық парламентаризмнің ең жақсы дәстүрлерін жалғастыратын Құрылтайға депутаттар сайлауы жақын арада басталатынын растады.
