Тәуелсіздік жылдары қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, қоғамның барлық салаларына енді, дегенмен кешегі кеңестік саясаттың салқыны әлі сезілуде. Толық ұлттық жаңғыру болу үшін тіл саласына дәуірлік реформа қажет еді. Мұндай реформа енді латын әліпбиіне көшу арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан да қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі бұл кеңінен келгенде тілдік реформаға ғана емес, рухани жаңғыруға әкелетін аса орасан бастама.

Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру арқылы реформалау Қазақстан тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері көтерілген идея болды. Мұны алғаш академик ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар ұсыныс білдірген.
Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында: «Біріншіден қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деді.Бұл арада жаңа латын әліпбиінің тәуелсіздік алған уақыттан бері күн тәртібінде тұрғаннын және Әзірбайжан,Өзбекстан, Түркіменстан сияқты бізбен қатар егемендікке ие болған түркі тілдес мемлекеттердің әліпби ауыстырудағы тәжірибесін байыптағанымызды меңзеп отыр.
Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Кирилл әріптері саяси себептермен келді.Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұсқан келтірілді.Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады.Жалпы әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты аз таңбамен берді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тілінде дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз керісінше 42 таңбамен берілген. Осыдан-ақ қолданыстағы осы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі көрініп тұр.Сонымен бірге бұл әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде кездеспейтін артық таңбалар бар.Латын графикасындағы жаңа әліпби бізді осындай қажетсіздік пен ыңғайсыздықтан арылтады.
Латын әліпбиіне көшуге мемлекет тарапынан барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Әліпби ауыстыру кезінде,емле жасау барысында да халықтың ішінен де, тіпті ғалымдардың ортасынан да әлгі саясат салқынының табы сақталғанын байқалғанын айтты. Ал осы жаңа әліпби емле ережелерін әзірлеу және сараптау барысында қазақ тіліне тән емес таңбалардың барлығын алып тастау мүмкін болмады. Қалайық, мейлің қалмайық біздің сөздік қорымызға, ғылыми тіліне, терминологияға ондаған мың осындай сөздер енгенін байқадық.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ деп ойлаймын.
Р.ДАРКАМБАЕВА,
аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі.