
Текелі қаласындағы өндіріс ошақтарының қатарына «Asyl-tas» жеке кәсіпкерлігінің цехы қосылды. Сапалы да сәнді қасбеттік тас, орындық, қоқыс жәшіктері, құмыра және тағы басқа өнімдері сұранысқа ие шағын өндіріс ошағының иесі Нұрлан Жақсыбекұлымен тілдестік.
Осыдан алты жыл бұрын Талдықорған қаласында ашылған цехта өндірілген заттар сұранысқа ие болып, еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Н.Жақсыбекұлы биылғы көктемде өндіріс ошағын Текеліге көшіріп, кәсібін кеңейте түсуді көздеп отыр. Мұнда келудегі басты себеп – шикізат.
«Бұрын өндіріске қажет негізгі шикізат ақ, сұр мәрмәр үгіндісінің бес түрін осы Текеліден таситынбыз. Мұнда келгелі қаладағы мәрмәр цехтары керегімізді өздері әкеліп беріп жатыр. Негізі Текелі мәрмәр тас өндірісіне өте қолайлы әрі тұрмысқа да жайлы, табиғаты көркем қала. Маған қатты ұнады. Қонаев көшесінен 8 сотық жер алып, жұмысымызды бастап кеттік. Әлі реттейтін дүние көп. Біздің шығаратын өніміміз жуылған бетон деп аталады. Қазақстан бойынша Алматыда және бізде ғана шығарылады. Сұраныс көп. Өндіріске мәрмәр тас үгіндісі, ақ цемент, құм және су пайдаланылады. Ұсақ мәрмәр тасты алдымен үш түрлі електен өткізіп, сұрыптап аламыз. Әр затқа әртүрлі көлемдегі тас қолданылады. Содан кейін үш-кір тастарды арнаулы құрылғыда айналдырып, жұмырлаймыз. Үй-лердің қасбетін қаптайтын жұқа жуылған бетон шығару үшін дайын қалыптарға алдын ала дайындалған мәрмәр тастың жұмырланған үгінділері, құм, цемент жайылып салынады да үстіне су құйылады. Содан кейін ол қарқынды дірілдету әдісімен тығыздалады. Белгілі уақыт өткеннен кейін дайын тақтаның беткі қабаты қысымы күшті сумен жуылып, бетіндегі құм мен цементтен тазартылады», – деп жұмыс барысын ыждаһатпен түсіндірген кәсіпкер цехта тас ұсатқыш құрылғы да бар екенін көрсетті. Оны қажетті көлемдегі мәрмәр үгінділері болмай қалған кезде ғана іске қосады.
«Asyl-tas» жеке кәсіпкерлігінде өндірілген өнімнің тұтынушылары Алматы, Астана, Өскемен, Семей, Қостанай, Атырау, Тараз, Шымкент қалаларында бар. Сондай-ақ Алматы және Жетісу облысының әр түкпірінен сұраныс түсіп жатады. Н.Жақсыбекұлы тапсырысты Текеліден Талдықорғанға дейін жеткізіп беретіндіктерін, ары қарайғы тасымалдау жауапкершілігін тапсырыс беруші мойнына алатынын айтты.
Цехта Нұрланнан басқа тағы екі жұмысшы бар. Келіншегі жеке кәсіпкерліктің құжат айналымын реттейді. Келешекте өндірісті үл-кейтіп, жұмысшы санын көбейтуді мақсат тұтып отырғанын айтқан кәсіпкер қазіргі кезде тұрақты жұмысшы табу қиын мәселе екенін атап өтті. «Жұмысқа бейімі, күші, жауапкершілігі бар ер азаматтар келсе, жұмыстың барысын, қауіпсіз-дікті, өндірістің әдіс-тәсілін өзіміз үйретеміз. Бірақ жастар жағы аз уақыт жұмыс істеп, қолына ақша тиген соң ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Ақшасы таусылған соң кейбіреуі қайта келеді. Сөйтіп тиіп-қашып жүреді. Тағы бір мәселе, жұмысшыны ресми түрде тіркеп, тиісті салығын, жарнасын төлеп тұруға келіп саяды. Алимент, кредит төлеуден қашып жүргендер салықтан жалтарып, еңбекақысын толықтай қолына беруді сұрайды. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп аталып, осы бағытқа мән беріліп жатқаны дұрыс болды. Жұмысшы болу жауапкершілікті қажет ететінін естен шығармаған жөн», – деді ол.
Текелі қаласына отбасымен көшіп келіп, өндіріс орнын ашып, мәрмәр тастың үгіндісін пайдаға жаратып жатқан Нұрлан Жақсыбекұлы мұнымен қоса жасыл желекті қаланың туризм саласындағы әлеуетін де кәдеге жаратуға бейіл. Оның қысы-жазы қонақ қабылдайтын демалыс кешенін ашу жоспары бар. Он жыл ҚР арнаулы байланыс қызметінде фельдъегерь болып қызмет еткен ол бала кезден қызығушылығы болған кәсіпті қолға алып, маңдай терін төгіп жүр. Ерінбеген еңбек адамының еңсесі биік, жұмысы жемісті болары анық.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА