ЖАҢА ҚОҒАМ – ЖАҢА БІЗ

Бүгін 1 қыркүйек жаңа оқу жылының басталуымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл еліміз үшін дәстүрге айналып отырған жайт.

Қазақстандықтар соңғы екі жылда түрлі өзгерістер мен ауқымды саяси жаңғыруға бет бұрды. Еліміз жаңа заманның ағымына ілесе отыра, тың идеяларды қолдап, жаңғыру бағытына аяқ басты.

Жаңа Қазақстан бір күнде қалана салмайтыны анық. Бірақ сол өзгерістерге деген нақты жобалар ұсынылып, қолға алынып жатқаны баршамызды қуантады. Ендігі кезекте халықтың санасына дұрыс ақпаратты жеткізіп, бұрынғы менталитеттен арылуға көмектесу. Б.Момышұлы айтып өткендей: «Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды». Иә, расымен де бір орында тұру – қозғалысты тежейді.

Ел басшысының бүгінгі Жолдауында да актуалды тақырыптар ортаға алынды. Оның ішінде ел экономикасын арттыруға арналған жұмыстар, жастарды қолдау мақсатында жасалып жатқан түрлі жобалар, экология, цифрландыру, орта және шағын бизнесті дамыту, білім жүйесін жандандыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарлар айтылды.

Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану.

«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе»,- дейді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет»,-деп атап өтті.

Жансая Күмпейісова

Мәліметпен бөлісу: