Жаңа Салық кодексі: 2026 жылдан бастап не өзгереді?

2026 жылдан бастап Қазақстанның салық жүйесінде түбегейлі реформалар күтілуде. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттары мен кәсіпкерлер үшін енгізілетін жеңілдіктер жарияланды. Ең басты жаңалық – салық режимдерінің қысқаруы және есептіліктің автоматтандырылуы.
Жаңа кодекс аясында салық жүйесін барынша қарапайым ету мақсатында қолданыстағы 7 режимнің орнына тек 3-еуі ғана қалдырылды. Енді кәсіпкерлер мына форматтардың бірін таңдайды:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі: жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жұмысшы жалдамайтын азаматтарға арналған. Табыс шегі – 300 АЕК. Салық декларациясын тапсырудың қажеті жоқ, тек табыстың 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді. Барлық процесс e-Salyq Business арқылы жүреді.
Оңайлатылған декларация: шағын және орта бизнес үшін. Салық мөлшерлемесі – 4 пайыз, бірақ жергілікті мәслихаттар оны екі немесе алты пайыз аралығында өзгерте алады. Бұл режимде қосымша құн салығы мен әлеуметтік салық төленбейді.
Шаруа және фермер қожалықтары: ауыл шаруашылығы үшін салық мөлшері табыс көзінен небәрі 0,5% пайыз болады. Фермерлер жер, көлік және әлеуметтік салықтардан босатылған.
Барлық салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін өздеріне ыңғайлы салық режимін таңдап, хабарлама беруі тиіс. Егер кәсіпкер белгіленген мерзімде таңдау жасамаса, ол автоматты түрде ең күрделі салық түрі «жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке» көшіріледі.

Мәліметпен бөлісу: