Жаңа серпіліс, жаңа бағыт

23 қаңтарда көңіл көкке көтеріліп, кеудені қуаныш кернейтіндей көріністерге куә болдық. Себебі осы күні Елбасымыз Н.Назарбаев«Жастар жылын» салтанатты түрде ашық деп жариялады.

Қазір елімізде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында, қабылданып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне ерекше мән берілген.

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Сол себепті бұл толқынға Қазақстанда айрықша назар аударылуда. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі еліміздің ең басты назарында болды.

Жас буын – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Елiмiздiң болашағы олардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Кейінгі толқын өкілдері ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға ілгерілетіп қана қоймай, елдің экономикасы мен ғылымын да дамытуға мiндеттi. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан олар  қазіргі қоғамдағы барлық салаға атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуі қажет.

Бұл ретте мемлекет тарапынан да жалын иелеріне деген ерекше көзқарасты байқауға болады. Үйренуге, оқуға, білуге қабілеті өте жоғары саналатын қатарластарымның беріліп тырған мүмкіндіктерді толықтай пайдаланып, әлем сахнасында «Қазақстандық жастар» деген абыройлы атты қалыптастыратынына сенімдімін. Себебі тәуелсіздік ұрпақтары прогресшіл, жаңа дүние мен жаңа білімге деген құштарлықтары жоғары. Бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра отырып, тарих парақтарын ақтарсағыз сонау егемендікті енді ғана еншілеген мезеттегі жастарға ұсынылған мүмкіндіктер мен бүгін біздің үлесімізге тиген артықшылардың айырмашылығы жер мен көктей. Бізге керегі тек талап қана. Қалғанының барлығы да дайын.

Бір қауантарлығы облыс басшысы А.Баталов барлық аудандарға жастар орталығын салып беруді айтқан болатын. Бұл жалын иелеріне қызмет көрсетіп, олардың бірталай түйткілді мәселелерінің шешімін табуға түрткі болатыны сөзсіз.

Құрметті жас қазақстандықтар! Біздің иелігімізге барлық жағдайлар жасалған ХХІ ғасыр тиіп отыр. Тыныш заман, татулық орнаған уақыт. Сондықтан да ел болашағы үшін ерінбей еңбек етіп, тәуелсіздік туын биік ұсау жолында аянып қалмайық!

А.САРСЕНБАЕВА,

Достық ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.

Мәліметпен бөлісу: