Жаңа жазу – жаңа белес

«Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, бола алмаймыз ешқашан ұлы халық»  деп ақын Қадыр Мырза Әлі жыр жолдарында айтып кеткендей, еліміздің  болашақ бағдарын бағамдаған мемлекет басшысының ұлы мақсаты жүзеге асуда. Ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығына тоқталған болатын.  Осы ретте жақында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте қазақ жазуын латын графикасына көшіруді табысты жүзеге асыру жолындағы нақты міндеттер мен алғашқы кезеңінде орындалатын шаралар бойынша кең көлемде талқылау жүргізу мақсатында «Жаңа жазу – жаңа белес» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А.Башбаев ашып, жүргізді. Ол маңыздылығы мен өзектілігі қарастырылып отырған мәселені тілге тиек етті. Латын әліпбиі –  өркениет жолы екенін және жаңа қаріптің оңтайлы тұсын тұстап, оған көшудегі орындалатын басты мақсатын атап өтті.

Келесі сөз кезегі І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұловқа беріліп,  латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, қазақ тілінің тынысын кеңеюіне ықпалын тигізерін, елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш боларын баяндалды.

Артынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, магистр Г.Чукенаева жаңа әліпбиге көшуіміз жазу сауаттылығын арттырып, қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығаратынын айтып тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйді.

Шара барысында Латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі, қазақ тіліндегі сөздердің өзгеріске ұшырауы және ұтатын, ұтылатын тұстарын тереңінен қаузап, қызу талқыға салынды

«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»,- деп қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлы айтқандай, заман талабына сай алға өрлеу үшін басты қаруымызды пайдалана отырып, тас жанып тау күйсе де саралап, бағамдаған жоспарлы жобаны іске асыру мұратымыз. Ендігі тілегіміз латын әліпбиі мәңгілік елдің мәңгілік жазуына арқау болсын!

 

                                                                   М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: