Жаңа жолға бастасын

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — халқымыздың өз дүниетанымын түбегейлі өзгерту жөнінде нақты кеңес беретін, рухын көтеруге бағытталған  бағдарлама. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы  — уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай маңызы зор шешім әрі үшінші жаңғырудың өзегіне айналып, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық.

Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең бастау алатын рухани ұстанымын сақтап қалу. Білім беру жүйесінде дүниежүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болды. Әлемдегі ең жақсы әр түрлі  тілдердегі  100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл халқымыздың білімін әлемдік кеңістікке, ғаламдық деңгейге алып шығуға тың серпін беретіні сөзсіз.

Елбасының қойған міндеттері бірлік пен білімнің салмағын таразыға тартып, өткеннен ой түйіп келешекке бағдар жасайтын маңызды меже екені анық, сондықтан да рухани жаңғыру жаңа жолға бастайды деп сенеміз. Президент ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын ашып беріп отыр. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, еш-қандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту.

Бағдарламаның төртінші міндеті «Білімнің салтанат құруына» арналды. Бүгінгі күнде білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру — кезек күттірмейтін мәсе-лелердің бірі. Білім кез келген халықтың интеллектуалды  және рухани әлеуетін көтеретін, дамытатын маңызды фактор болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыруда ауданымызда білім саласына бөлінген  қаражат көлемі жылдан — жылға артып келеді. Нәтижесінде жыл сайын оқу ошақтарының ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, материалды-техникалық базасы нығайтылуда. Мектепке дейінгі тәрбиеге де көңіл бөлініп, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар,  шағын орталықтар ашылу-да.

Орта білім беру жүйесін модернизациялауда бірнеше жыл бойы оқыту инновациялары саласына озық халықаралық тәжірибе енгізіп, елеулі әлеует жи-нақтаған Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі зор. Бүгінгі таңда материалдық ынталандырумен қатар педагогтардың  біліктілігін арттыру жүйесі жетілдіріліп, озық әлемдік тәжірибе негізінде жасалған бағдарламалар, әдістемелер бойынша ұстаздар білімі мен білігін  көтеруде.

Аудан бойынша жаңа бағдарлама негізінде үш айлық дайындықтан өткен ұстаздар мен тоғыз айлық курстан өткен мектеп басшылары жұмыс барысына біршама өзгерістер енгізіп,  білім беру қызметін жақсартуда көшбасшылық рөл атқаруда.

«Мақсат – жетістіктің желкені» дейді дана халқымыз. Ендігі мақсат – Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру, заман талабына сай білім мен тәрбие беру. Бізде бұған жету үшін ұстаным да, білім  де, өмірлік тәжірибе де бар.

Ең бастысы өзгеруге, жаңғыруға ұмтылыс, ниет болуы шарт деп ойлаймын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп халық даналығында  айтылғанындай, өзгеруді өзімізден бастайық!

Рухани жаңғыру жаңа жолға бастасын!

А.Қасымжанова,

Көктұма қазақ орта мектебінің директоры,

аудандық мәслихат депутаты.

 

 

Мәліметпен бөлісу: