Жаң әліпби – жаңа дәуір бастауы

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»,- деп, қазақ білімінің негізін қалаушылардың бірі, ағартушы А.Байтұрсынов айтпақшы, әр ұлттың бар болмысының айнасы саналатын ана тілінен асқан құдірет жоқ шығар. Ұлы дала елінің тарихына зер салсақ, оның бірінші тұғыры – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі мемлекет және тарихы екендігі мәлім. Осы ретте маңдайымызға біткен байлығымыз, ұлттық құндылықтарымыздың іргелісі – қазақ тілі.

Елбасы Н.Назарбаев ана тіліміздің шұбарланбаған таза қалпын сақтау, орыс тіліне деген тәуелділіктен арылтып, әлемдік деңгейде пайдаланылатын латын графикасына көшу мәселесін соңғы екі жылдықтың резонансына айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерген болатын. Тиісінше жаңа әліпбиіміз бекітіліп, Жарлыққа да қол қойылды.

Латын әліпбиіне ауысудың тиімді һәм ұтымды тұстарын насихаттау, жаңа графикаға деген оң көзқарасты қалыптастыру, тілдің мәртебесін еселеу мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен Тоқжайлау және Көлбай ауылдық округтерінде «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты кездесу ұйымдастырылды.

Қос жиында да алғашқы болып сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Т.Рахимберлина әлем халқының тең жарымынан астамы қолданатын латын қарпінің қазақстандықтардың жаһандық деңгейде тынылуына, әсіресе жастардың болашағына түскен шамшырақ екенін жеткізді.

Келесі болып мінберге көтерілген А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері Т.Талғат пен Ж.Мақсұтқан жаңа әліпбидің ерекшелігі, маңыздылығы жайында мәліметтер беріп, өзгерістермен таныстырып кетті.

Жиындарды қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева дамыған елдердің көшіне ілесу жолында латын графикасы да елеулі үлес қосатынын айтып, бұл бағытта атқарылар істер мол екендігін тілге тиек етті.

Екі елді мекенде жалауын желбіреткен кездеслердің жоғары дәрежеде өтуіне Көлбай ауылдық округінің әкімі Е.Шакеров пен Тоқжайлау ауылдық округінің әкімі Т.Сұлтанбеков те тиісті көмектерің көрсетті.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: