Жаңғырудың жасампаз жақтары

Қазір қоғам арасында ерекше талқылауға ие болып жатқан түсініктердің бірі – «Рухани жаңғыру» ұғымы. Елбасының мақаласында нақтылап айтылып, «жаңғыру» үшін қандай міндеттер атқаруымыз керектігі талдап көрсетілген.

Тарих сахнасына үңілсеңіз біз көп жылдар бойы өз жолымен жүріп, өз дәстүрін сақтай алмаған, үстем мәдениеттердің ықпалында кетіп, өзге мемлекеттің құрамында болған жұртпыз. Жалпы рухани жаңғыру біз үшін өзіміздің озық ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, төл арнамызға – қазақтың өзіндік ұлттық даму жолына түсуі деп білемін.

Рухани жаңғыру деген ол ұлттың мәдениеті, өнері, әдебиеті мен тарихы тұрғысынан жаңғыру деп түсінген дұрыс. Біз көп жылдар бойы халқымыздың қатпарлы тарихын өзгенің айтуымен, өзгенің көрсетуімен, отарлаушылардың ыңғайына қарай жазып, оқытып, сол арқылы бірнеше ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырдық.

Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр атырапты біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыз, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін білуі керек. Сонда ғана тарихын тану арқылы біздің ұрпақтың бойында қазақ екенін мақтан тұтатын, “мен намысын таптатпаған ержүрек, батыр ұлттан тараған ұрпақ екенмін ғой” деген түсінік қалыптасқан, елі мен жерін сүйетін шын мәніндегі отаншыл, ұлтшыл, патриот ұрпақ өсіп-өнеді деп ойлаймын.

А.ЕСЕНБЕКОВА,

Үшарал №1 орта мектебінің орыс тілі мен орыс әдебиетінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: