Жаңғыруымыздың жаңа қадамдары

Ширек ғасырлық дербес тарихымыздың қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ ұлт руханятын ұлылыққа жетелеген Елбасымыз мемлекетіміз бен мұқым қазақ елінің мүддесі үшін кемел бастамалар көтеріп, кенен саясатын қалыптастырды. Жүрісі жылдам дәуір ағымымына, қателік пен кемшілікті кешірмейтін заман талабына шыдас бере алатын мемлекеттің мызғымас ірге тасын қалады. Жетпіс жыл бодансың деп менсінбегендер енді бізбен тең құқықта санасатын болды. Бабаларының табаны тимеген жерлерге балаларының қаламы жетіп, дүниежүзі халықтары даңқымыз бен парқымыздың куәгері болуда. Тарихқа сәл шегініс жасасақ тоқсан бірдің тоқырау күндерінде дәл осындай дәреженің дәрегейіне көтерілеміз деген түсімізге де енбеген еді. Айбынымыздың асып, абыройымыздың тасып жатқандығы Ұлт көшбасшысының арқасы десем қате айтпаспын. Жаһандану дәуірінде үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен мемлекетіміз бәсекеге бәс тігіп, төрде отырған тірегі мықты елдердің жанына жайғасуға ыңғайлануда. Бұл ширек ғасыр мұғдарында ұстынды идеясын идеологияға айналдырған Елбасының ерен еңбегі.

Ағымдағы жылы Қазақстанның әлеуметтік әлеуетінің, экономикалық ахуалының қарқынды дамуына ерекше серпін сыйлайтын тың тақырыптар көтерілді. Мемлекет басшысының көптеген түйткілді мәселерді түртіп өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты туындысы бірталай түйткілді мәселелерді тамырынан бастап жоюға да бағытталған.

Инновация мен жаңашылдық салтанат құрып тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асырудың жолдарын түсіндірген ойы орамды туындысы ұлт снасын сілкіп, рухани кемелденуге бағыттағаны да анық. Тарқатып айтар болсақ, білім беру жүйесінде баламасы жоқ бағдарлама ұсынып, ең үздік 100 оқулық қазақ тіліне аударылатынын жеткізді. Бұл өзгеріс халқымыздың санасының әлемдік кеңістікке, жаһандық деңгейге көтерілуіне тың серпіліс бермек. Жалпыұлттық патриотизмнің қалыптасу қарқынын арттыруға бағытталған «Туған жер» жобасының тұсауын кесіп, барша қазақстандықтарды бірлікке, берекеге, өңірін, отанын сүюге үгіттеді. Осы арқылы «100 жаңа есім» ұғымын енгізіп, мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматтардың тізімін жинақтауды бұйырды. Білім кез-келген елдің интелектуалды және рухани әлеуетін көтеретін маңызды фактор болғандықтан осы саланы жандандыруды кезек күттірмейтін міндетті алғышарттардың қатарына қойды. Қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктерін ұтымды пайдалану мақсатында қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіруді ұсынды. Ұлт көшбасшының осы сындарлы идеясы идеологияға айналып бара жатыр десек те қиыс кетпеспіз. Жаһан жұтшылығы модернизацияға ұмтылып, жаңғырудың жарқын белестерін бағындырып жатқанда біздің де мемлекетіміз шеткері қалмауы тиіс. Ұлт тірлігіне тарихи төңкеріс әкелген бағдарламалық мақаласының астарында көптеге мағына жатқаны мәлім. Ел тірлігін оңтайландыруға, Қазақстанның атақ-абыройын әлем биігіне асқақтатуға, Ұлы дала елінің ұлағаты ұрпақтарын рухани жаңғыруға үгіттеген туындының халыққа берері мол екендігі сөзсіз. Сөз емес, ой тере білсеңіздер болғаны.

ЕСЕНБЕКОВ АЛМАТ АСХАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: