Жайпақтықтар жаңашылдыққа риза

Жайпақ ауылдық округінің жұртшылығы бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде бастау алған егов электронды порталы арқылы мемлекеттік қызмет алуға ақырындап үйреніп келеді. Тұрғындардың аудан орталығына ат басын бұрмай-ақ, округ әкімдігі мен мектеп ғимаратынан өзіне қажетті кез-келген анықтаманы оңай алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орналастырылған. Күн өткен сайын ауыл халқы бұл бастаманың игілігін алып жатқандығын аңғардық.

Жуырда Жайпақ ауылдық округінде аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологияларбөлімінің басшысы Е.Төкенов пен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жиын өткізіп, егов электронды порталы арқылы қызмет алу жолдары мен тәсілдерін толықтай түсіндіріп кетті.

Кездесу барысында электронды кілтті ашу, порталға телефон нөмірін тіркеу және жеке тұлғаның өзінен бөлек балалары мен жұбайына да анықтамалар алу жолдары көрсетіліп, бұл игілікті істің қағазбастылықтан құтылып, уақыт пен қаржы үнемдеуге таптырмас мүмкіндік екендігі жеткізілді.

Негізінде округте дәл осы салада ілкімді істер атқарылып, тұрғындарман жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ол жайында Жайпақ ауылдық округінің әкімі Е.Табеев өз сөзінде айтып өтті.

Ауыл тұрғындары да жаңа мүмкіндікке дән риза. Оны жиын барысында қойылған сұрақтар мен ізгі тілектерден байқадық. Аудан орталығына ат шалдырмай үйде отырып-ақ қызмет алудың артықшылығы ауылдағы ағайынға өте қолайлы болып отыр.

Бұл округте атқарылған істің бір парасы ғана алдағы уақытта да халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарыла бермек.

Н.ЮСУПБАЕВ.

Мәліметпен бөлісу: