Жас балуандар белдесті

Жуырда Үшарал қаласындағы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде белгілі кәсіпкер, меценат Белгібаев Нұрлан Бейсембайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы Алакөл ауданының ашық турнирі өтті. Жарысқа Абай, Жетісу, Алматы облысынан жасөспірім балуандар келіп, бақ сынады.

Ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі А.Абдиновқа алғысөз берілді. Өңір басшысы Белгібаев Нұрланның істеген елеулі еңбегін айта келіп, еске алып, жарыс өткізіп жатқан ұрпақтарына ықыласын білдірді. Боз кілемге шығатын балуандарға сәттілік тілеп, болашақта халықаралық турнирлерде топ жаратын спортшы болуына тілектес екенін айтты.

Сондай-ақ бұл жарыс дәстүрге айналып, болашақта жыл сайын өтіп тұрады деген жоспар бар. Бұл туралы марқұмның нағашы ағасы А.Қыдырбаев айтып берді.

«Бүгін Алакөл ауданында Нұрлан бауырымды еске алу мақсатында турнир өткізіп жатырмыз. Өзі де спортты жақсы көретін, жанына жақын тұтатын. Күрес залына, боксқа да қатысты. Кейіннен кәсіппен айналысты. Дегенмен спорттан алшақтап кетпеді. Жас спортшыларға көмектесіп, демеуші болып жүретін. Биыл алғашқы турнирді ұйымдастырып жатырмыз. Болашақта дәстүрге айналып, жыл сайын өтіп тұрады деп ойлап отырмыз», – деді А.Қыдырбаев.

А.Әбитұлы

Мәліметпен бөлісу: