«Бесінде қолына қамшы ұстаған, он бесінде беліне шоқпар ілер батыр болады» демекші, жас кезінен бастап өмір сынақтарын өжеттікпен еңсеріп, кез-келген кедергіге қайсарлықпен төтеп беретін қатарластарымның көптігіне қуанамын. Әсіресе түрлі саладағы потенциалы өте жоғары саналатын айдынды ауданымызда өз кәсібінен нәсібін айырып, бірнеше адамға тұрақты жұмыс беріп отырған жалын иелері де жетерлік.

Табанды еңбек пен тынымсыз талпынысының арқасында күн көзіне шыққан жас кәсіпкер Алмас Ерғалиұлын өңіріміздегі прогресшіл әрі жаңашыл азаматтардың көш басында десек қателеспеспіз. Жоқтан бар жасай алған ол бүгінде жарнама агенттігінің тізгінін ұстап, қала көшелерін безендіріп тұрған түрлі билборд, маңдайша жазушаларын, жарнама тақтайшаларын басып, шығаруда.
1994 жылғы наурыздың екінші жұлдызында Үшарал қаласында дүние есігін ашқан Алмас Қазақстан ауылындағы Қабанбай батыр атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, тоғызыншы сыныптан кейін Талдықорған политехникалық колледжіне құрылысшы-архитектор мамандығы бойынша оқуға түседі.
Колледжді тәмамдаған Алмас Қазақстан ауылына оралып, ауыл шаруашылығы саласында өзін байқап көруге бел байлайды. Сөйтіп 2013 жылдан бастап егін егіп, еңбегін иен даламен байланыстырады. Тек осы соңғы екі жылдың ішінде мемлекеттік сатып алу ісіне қызығушылығы артып, жеке кәсіпкерлігін ашып, тендерлерге қатыса бастайды. Іс оңымен жалғасып, қайтпас қажыр-қайратының арқасында бұл салада да өзін үздік көрсетеді. Бұнымен қоймай 2018 жылдың көктемінде ол жеке жарнама агенттігін іске қосып, екі адамды жұмыспен қамтыды.
«Мені жастайымнан барлығына өз күшіммен, адал еңбегіммен жетуге баулыды. Қандай қиындық, кедергі кезіксе де мойымай, алға ұмтылу өмірлік ұстанымыма айналып та үлгерді. Қазір мүмкіндіктер уақыты. Аспанға қарап, аузыма ас түседі-ау деп отыратын заман емес. Қарбалас тірлік, бәсекелестік мезеті. Сондықтан да екі қолға бір күрек тауып, өз ісімді ұтымды әрі тиімді дөңгелетіп әкеттім. Оған әрине туған-туыстарым мен жолдастарымның ақыл-кеңесі және көмегі көптеп тиді. Алғашқы алғыс соларға»,- дейді, жас кәсіпкер.
Бір айта кетерлігі Алмас 2018 жылдың қорытындысы бойынша, аудан әкімінің «Көшбасшы» сыйлығының «Үздік жас кәсіпкер» аталымын жеңіп алды. Бұл оның жас болса да бас бола біліп, өз жұмысын аса жауапкершілікпен атқағандығының арқасы.
Қазіргі таңда түрлі құрал-жабдықтарды сатып алып, стенд, билбордтарды басып, жарнамаға қатысты түрлі қызметтер көрсетеді. Алдағы уақытта қолдағы құралдардан да қуаттыларын алып, өндіріс күшін ұлғайтсам деп отыр.
Бұдан алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жете білген азаматтың тұлғасын, өрлігін байқаймыз.
Жастар осы Алмас секілді талай кәсіпкерлер мен өз ісін бастағысы келген жалын иелеріне жаңа мүмкіндіктер сыйлайтыны рас. Ендеше ұсынылып отырған артықшылықтардан қол үзіп қалмай, қуатты Қазақстанды қалыптастыруға жұмыла кірісейік.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.