Жас маманға берілген мүмкіндік — мемлекеттік қызметке бастар жол

Бүгінгі таңда мемлекет жас буынға үлкен мүмкіндіктер беріп, олардың әлеуетіне зор сенім артып отыр. Білімді, белсенді әрі жоғары GPA көрсеткіші бар түлектердің мемлекеттік қызмет саласында өз орнын табуы – осы қолдаудың айқын дәлелі. 2023 жылы заңнамаға енгізілген тиімді реформалардың арқасында, жоғары оқу орнын мемлекеттік грант негізінде үздік аяқтап, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған жас мамандарға мемлекеттік қызметке ешқандай конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді. Бұл – дарынды жастарды бюрократиялық кедергісіз басқару ісіне тартудың бірегей тетігі.

​          Осы орайда, мен де Жетісу университетінің қабырғасында «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша сапалы білім алып, оқуымды 3,35 GPA нәтижесімен сәтті аяқтадым. Оқу орнымда жинақтаған теориялық білімім мен мемлекет ұсынған осы конкурссыз орналасу мүмкіндігі кәсіби жолымды сенімді әрі серпінді бастауға үлкен іргетас болды.

​          Қазіргі таңда мен ел өміріндегі ең маңызды әрі күрделі секторлардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы саласында мемлекеттік қызмет атқарудамын. Бұл сала тікелей бұқара халықтың күнделікті тұрмыс сапасымен байланысты болғандықтан, маманнан үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіпті және тұрғындармен тиімді жұмыс істей білуді талап етеді.

Мен үшін мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес, бұл – туған елге қызмет етудің маңызды жолы. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және қоғам игілігі үшін адал еңбек етуге өз үлесімді қосуды үлкен мәртебе деп санаймын. Мемлекет тарапынан жастарға беріліп отырған мұндай мүмкіндіктер біздің тәжірибе жинақтауымызға, кәсіби тұрғыдан өсуімізге және ел болашағына қызмет етуімізге даңғыл жол ашады.

Алдағы уақытта да білімімді үнемі жетілдіріп, адал еңбегіммен мемлекетіміздің өркендеуіне барынша үлес қосуды басты мақсатым деп білемін.  

Алакөл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,

жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй

инспекциясы бөлімінің бас маманы Д.Оспанұлы

Мәліметпен бөлісу: