Білімді, білгір, қайсар, қайратты жастардың қай-қайсысы да қаһарман деген атқа лайық. Әрине, ол үшін талапты, талантты, жігерлі, еңбекқор болғандары абзал. Рухани жаңғыруға ұмтылған ұлттың ұрпақтары ұлағатты болып ержетулері, бойжетулері маңызды құбылыс. Жұртымыз татулыққа ұйыған, жастарымыз жасампаздыққа ұмсынған елге айналу ол басты талаптардың санатындағы іс. Бір буын ауыспай-ақ, мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел атанып, күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетке де айналдық.
Біз жастар саясатын қолдау арқылы келешекте маңызды салмаққа ие болар бірден-бір белсенді топ қалыптастырудамыз. Оған «Нұр Отан» партиясы жанында «Жас Отан» Жастар қанатының құрылғаны дәлел бола алады. Осы ретте жуырда Жас Отаншылардың «Кемеңгер Елбасымен — кемел келешекке» тақырыбында конференциясы жалауын желбіретті.
Сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы төңірегінде әңгіме өрбітіп, кең көлемде түсіндіру жұмысын жүргізді.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Көкебаев «Партияның платформасы қалыптасты» тақырыбында баяндама оқыса, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі А.Арнай осы күнге дейін атқарған жұмыстары жайлы ақпарат берді.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Астана төрінде өтетін «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезіне делегат ретінде баруға А.Арнай мен джиу-джитсудан Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы Ж.Болатханұлы сайланды.
Шара соңында көрермендер тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, көтерілген тақырыптар қызу талқыға салынды.
А.ЕСЕНБЕКОВ.