Білімді жастар – жарқын болашақ бастауы. Қарыштап өсу, өрлеу мен өркендеу жолында өршіл, жігерлі, терең білімді, қажыр-қайраты мол, белсенді әрі беделді жастар зор жетістіктер мен толайым табыстар, жаңашыл бастамалар мен озық идеялар жаршысы болмақ.
Елбасы Н.Назарбаев: «Болашақ жастардың қолында»,- деп, Ұлы дала елінің ұрпақтарына үлкен үміт артып отыр. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін жан-жақты сүйемелдеп, барынша көмек те көрсетуде. Себебі бәсекеге қабілетті, саяси сауатты, дарынды, талапты азаматтар ғана мемлекет құрылысында берік іргетасының қалыптасуына ықпал етпек.
Шыны керек, біз қазір білімнің салтанат құрған заманының құрдасы болып отырмыз. Бұрынғыдай шоқпармен шауып, қылышпен қырып алатын уақыт тарих қойнауына сіңіп, жоқ болды. Тек қана сана мен ақылдың салмағы артып, білім мен ғылымның құны еселенді. Жаңа технологиялар мен иновацияның дәурені жүріп тұр. Бұл ретте басты міндет алдымен жастардың иығына түсетіні мәлім. Себебі уақыт ағысы бір орнында дамылдап қалмайды, үздіксіз, үзіліссіз алдыға жылжиды. Сондықтан кәсіби кадрлар қатарын көбейтіп, баянды болашақтың бағытын бағамдау біздің қолда. Осы мәселеде жастардың өмірге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында «Бәсекелестік» тенденциясын жолға қойған абзал.
Тек қана бір-бірін басып-озуға ұмтылып, өзінің идеялары мен принциптері жолында аянып қалмайтын ұрпақтың ғана жаһандық бәсекелестіктегі бәсі жоғары болмақ.
Қазір жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейілінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.
Ендігі ретте саннан сапаға ауысу, білім деңгейін көтеру, жастардың тың идеяларына кеңінен қолдау көрсетіп, талапты әрі табандылар ғана жасампаз болашақтың жемісін көреді деген идеология қалыптастыру басты приоритет болды. Ол үшін жастардың еңбекке араласуына, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мемлекет тарапынан бүгінгіден де артық көңіл бөлінгені мәлім. Жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, кәсіпкерлікке баулу және жұмыспен қамтуға, жалын иелеріне арналған ресурстық орталықтардың қызметі мен бағыттарына, таланттылар мен дарындыларға қолдау көрсетуге аса ыждағаттылық танытылды. Осы міндеттер үдесінен шығып, кемел келешекке қарай қарымды қадамдар істемекпіз.
Бойында жастық күш-қуаты өршіп тұрған толқыннан болғандықтан ауданның, одан қала берді облыс пен республикамыздың дамуына сүйемдей болса үлес қосамын деген ойдамын.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.