Жастар мәселесі – ел мәселесі

Тәуелсіздік үшін жанын қиған ата-бабаларымыз да «мен жастарға сенемін» деп, болашақ жастардың қолында екенін жақсы білген. Еліміздің болашағы жастардың қолында, сол себепті, олардың мәселесін шешу, жағдайларын жасау үкіметтің басты мақсаттарының бірі дегім келеді. Егер еліміз жастарын дұрыс жолға түсіріп, жақсы азамат қыла алмаса, қазіргі даму үшін істеліп жатқан әрекеттің бәрі бекершілік.

Қазіргі жастардың өзекті бір мәселесі—жұмыссыздық. Оқу оқып, диплом алып енді жұмыс жасап, күн көремін деген кезде мамандық бойынша жұмыс таппай, бірнеше дипломы болса да екі қолға бір күрек іздеп кеткендер қаншама. Оқу оқымай, дипломсыз-ақ күнін көріп кеткендер де баршылық, бірақ, ол өте сирек кездеседі, айтайын дегенім қазіргі жастардың барлығы ондай жолы болғыш емес.

Жұмыссыздықты азайту үшін үкімет те қарап қалған жоқ, мысалы: Елбасымыз бекіткен «Серпін-2050» жобасының арқасында біршама жастардан білікті мамандар шығып, өмірде өз орындарын тапты. Бұл жобаның басты мақсаты адам тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан секілді жерлерден жастарды жұмысқа сұраныс көп Солтүстік немесе Батыс Қазақстанда оқытып, жағдайын жасап, сол өңірлерде бірден жұмыспен қамтып, білікті маман шығару. Осы секілді жастарға бағытталған жобалар біздің дамыған елдердің қатарына кіруімізге өте көп әсер етеді.

Қазіргі кездегі тағы бір маңызды мәселе ол — телефонға тәуелділік. Бұл бізде ғана емес, әлем деңгейіндегі өте үлкен мәселе. Телефонның ішіндегі әлеуметтік желілер мен онлайн ойындар адамдарды өзіне тартып, тіпті жастардың сабақ оқуға да ынтасын түсіреді. Бұл әрине тек жастарға ғана емес, еңбектеген баладан, үлкен ата-әжелерімізге де байланысты. Бірақ, жапа шегетін көбінесе осы жастар. Түн ортасына дейін ұйықтамай әлеуметтік желілерде отырған адам, таңертең ерте тұрып, сабаққа барып, білім алады деп айта алмаймын, бүкіл ойы тек сол телефонда болады.

Қазір заман барған сайын даму үстінде, соған қарай жаңадан телефондар мен басқа да ноутбук, компьютер секілді құралдар көптеп шығуда. Сол себепті, әлеуметтік желіге тәуелділікті тоқтату мүмкін емес секілді көрінеді. Себебі, таяқтың екі ұшы болады демекші интернетті сабақ оқу, шығармашылығын дамыту деген сияқты жақсы жақтары да бар.

Арман КҮНБОЛАТ,

Абылай Хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ университетенің 1-курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: