Жастар жылы – Жасампаз бастама

Мол мүмкіндіктерге жол ашылды

Қaзaқcтaн Рeспубликacы aтaлaтын мемлекеттің әлемдік қауымдастық қатарына қосылғанына  27 жылдан асты. Бұл уақытқа ұлaн-ғасыр тaрих көшінің биігінен қарағанда қас қағым сәт іспетті көрінер, сірә. Бірақ, бұл сыртқы әсер ғана. Тәуелсіз еліміздің бұғанасы бекіп, әлемдік қауымдастық төрінен салиқалы орын иеленген осы мезетті барша қазақстандықтар жүз жылға балар еді. Бұл пікіріміздің дұрысы мен бұрысын болашақтың тарихшылары таразылай жатар. Ал біздің бүгін анық ұққанымыз және өзгелерге де ұқтырғанымыз: қазақ деген халықтың қазіргі заманғы үлгідегі дербес мемлекетін құрып, жаһандану заманында ешкімге жалтақтамай, өркениетті елдер тәрізді өмір сүре алатындығы.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың әрбір Жолдауы әр қазаққа рух беретіні мәлім. Солардың ішінде соңғы Жолдауын тілге тиек етіп, неге мақтанбасқа?!  Иә, мақтану мен мақтан тұтудың өзі бір ғанибет, себебі Ұлт көшбасшысының Жарлығы бойынша 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды.

Бұл еліміздің тірегі жастар мәселесіне серпін беретініне сенімдіміз. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші кейінгі толқын өкілдері екендігі ақиқат дүние.

Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастар әр реформалардың мәнін, мағынасын түсініп, Елбасымыздың мәлім еткен барлық қадамын жүзеге асыру мақсатында атқарылатын жобалар мен жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, тың идеялардың жүзеге асырылуына жұмылып еңбек етуіміз керек. Президетіміздің біздерді ерекше қолдап, атап өтуі, жауапкершілігімізді арттырады.

Бір айта кетерлігі Астанадағы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты«Жастар жылының» ашылу салтанаты жоғарғы деңгейде өтті. Форумға Мемлекет басшысы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты. Қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, жемісті білім алып жүрген олар Елбасы мен ел алдында өз жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Ұлт көшбасшысы 2019 жыл жастарға өз кәсіптерін ашуға көп мүмкіндіктер беретіндігі де айқын айтты. Сондай-ақ жұмыспен қамту, баспана мәселесі, оқу ісі, жас отбасыларға қолдау көрсету сынды түйткілдердің де оңтайлы шешімі табылатындығын жеткізді.

Қазақ жастары бәсекеде ұлттық болмысы жағынан да, білігі жағынан да, рухы жағынан да жеңілмейтін жас ұрпақ екендігін дәлелдеп келеді. «Білімі мықты мыңды жығар, білегі мықты бірді жығар» деген ойды баяғыда-ақ айтып қойған халқымыздың ұлдары мен қыздары кез келген жаңалықты жедел игеру жағынан ешкімнен кем түспейді. Тек үйренуге жағдай жасаған Елбасымызға мың алғыс. Ендеше, ұлттық ділі мен тілін сақтай отырып, бабаларымыздың отансүйгіш өршіл рухын бойына сіңіре отырып үйретейік!

Е.ОМАРХАНОВ,

аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі.

Мәліметпен бөлісу: