«Жастар жылы» жасампаз бастама

Елбасы Н.Назарбаев: «Болашақ жастардың қолында»,- деп, Ұлы дала елінің ұрпақтарына үлкен  үміт артып отыр. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін жан-жақты сүйемелдеп, барынша көмек те көрсетуде. Себебі бәсекеге қабілетті, саяси сауатты, дарынды, талапты азаматтар ғана мемлекет құрылысында берік іргетасының қалыптасуына ықпал етпек. Сөзден іске көшкен Президент кезекті Жолдауында 2019 жылды – «Жастар жылы» деп, міне сол жасампаз жылды «Ашық» деп жариялады.

Сондықтан олардың спорт пен мәдениетте, өнер мен ғылымда, жалпы кез-келген салада салмақты орын алып, азуын айға білеген алыптар арасында «Қазақстандық брендті», «Қазақстандық жастар» деген атақты қалыптастыруда жетістіктеріне барынша жол ашқан абзал. Арғысын алмағанда республиканың, облыстардың, аудандардың, ең бергісі туып-өскен ауыл-абанның өркендеуіне сүйемдей болса да септігін тигізсе нұр үстіне нұр болатына хақ.

«Жастар жылының» ашылу құрметіне ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» кездесуге Елбасы Н.Назарбаев бастаған еліміздің әр саладағы ең үздік, озық жастары жиналды.

Форум шымылдығы Мемлекеттік Гимнмен ашылып, ел дамуына өзіндік үлес қосып жүрген алғыр жастар кезегімен сөз алып, өз еңбектерін, жоспарларын таныстырды. Басты басымдық ХХІ ғасырдың сұранысына сай жаңа технологиялар мен цифрландыру ісіне берілгендігі байқалды.

Ұлт көшбасшысы өз сөзінде бүгінгі мен кешегі салыстыра отырып, қазіргі жастардың иелігіне тиген мүмкіндіктердің молдығын бас айтты. Олардың еңбектегі, өмірдегі, әлеуметтік саладағы қадамдарының қарқынын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан да көптеген жеңілдіктер мен көмектер көрсетіліп жатқандығын да жеткізді. Елбасы жаңа буынға озық 50 елдің қатарына кіргендігіміз аздық ететінін, ендігі міндет 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алу керектігін баса айтты. Сондай-ақ жас отбасыларды баспанамен қамту, 7-20-25 бағдарламасының жастарға тиімділігін, кейінгі толқын өкілдерін білім-ғылымға тарту, оларды жұмыспен қамти отырып, халық жағдайын көтеру, жаңа технологияларды қолдану мәселелерін қозғады.

Шыны керек, біз қазір білімнің салтанат құрған заманының құрдасы болып отырмыз. Бұрынғыдай шоқпармен шауып, қылышпен қырып алатын уақыт тарих қойнауына сіңіп, жоқ болды. Тек қана сана мен ақылдың салмағы артып, білім мен ғылымның құны еселенді. Жаңа технологиялар мен иновацияның дәурені жүріп тұр. Бұл ретте басты міндет алдымен жастардың иығына түсетіні мәлім. Себебі уақыт ағысы бір орнында дамылдап қалмайды, үздіксіз, үзіліссіз алдыға жылжиды. Сондықтан кәсіби кадрлар қатарын көбейтіп, баянды болашақтың бағытын бағамдау солардың қолында. Осы мәселеде жастардың өмірге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында «Бәсекелестік» тенденциясын жолға қойған абзал. Тек қана бір-бірін басып-озуға ұмтылып, өзінің идеялары мен принциптері жолында аянып қалмайтын ұрпақтың ғана жаһандық бәсекелестіктегі бәсі жоғары болмақ. Қазір жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейілінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.

Жастар жылы өз сөресінен шықты. Енді сол жыл тәмамдалғанша мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктердің шекпенін ұстап, өзімізді барынша дамытуға тырысуымыз керек. Ел болашағы жастардың, яғн біздің қолда. Сондықтан артылған сенімнен шығып, Қазақстанның кемел келешегі үшін аянып қалмайық.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: