Жастар – мемлекеттің басты қозғаушы күші һәм ел ертеңінің негізін қалаушы басты толқын. Жастар – мың жылдықтар төрінен мәңгілікке қарай бағытын түзеген қуатты Қазақстанның жанды бейнесі. Бәсекеге бәс тігіп, жаһандық аренада алпауыт мемлекеттермен иық тірестірген егеменді еліміздің ертеңі һәм қозғаушы күші. Ал оларға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту болашақ үшін бүгін салынған инвестиция десе де болады.
Осы ретте олардың білімі мен діни сауаттылығына ден қойып, туралық пен ақиқат жолынан таймаулары үшін атқарар жұмыстар да көп.
Шыны керек, біз қазір білімнің салтанат құрған заманының құрдасы болып отырмыз. Бұрынғыдай шоқпармен шауып, қылышпен қырып алатын уақыт тарих қойнауына сіңіп, жоқ болды. Тек қана сана мен ақылдың салмағы артып, білім мен ғылымның құны еселенді. Жаңа технологиялар мен иновацияның дәурені жүріп тұр. Бұл ретте басты міндет алдымен жастардың иығына түсетіні мәлім. Себебі уақыт ағысы бір орнында дамылдап қалмайды, үздіксіз, үзіліссіз алдыға жылжиды. Сондықтан кәсіби кадрлар қатарын көбейтіп, баянды болашақтың бағытын бағамдау біздің қолда. Осы мәселеде жастардың өмірге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында «Бәсекелестік» тенденциясын жолға қойған абзал.
Заман ағымының өзгерістерге ұшырауы, жаңа технологиялар мен түрлі инновациялардың тірлігімізге енуі бір жағынан керемет дегенімізбен, оның кері әсерлері де баршылық. Әсіресе, діни негіздегі теріс білімді насихаттауда, кейінгі толқын иелерінің санасын улауда жаңа технологиялардың орны орасан. Ғаламтар бетін аша қалсаңыз түрлі бағыттағы жат ағымдар мен деструктивті діни түсінікті уағыздаушылар қаптап кеткен. Санасы бекіп үлгермеген өскелең ұрпақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін екшеп айыра алмайды. Сондықтан да өзге ағымдардың жетегінде кететін жастардың саны да артуда. Бұл – жалпыұлттық проблема деп білемін.
Діни қақтығыстар орын алып жатқан кез келген мемлекетті алып қараңызшы. Құты қашқан, құндылығы жойылып, құдіреттерінен үзім де қалмаған. Себебі – дін ол оңымен пайдалансаң береке-бірлікке бастар, теріс қолға түссе зорлық пен зомбылыққа апарар күш. Ілкіде даму прогресстері өте жоғары болған елдер діни алауыздықтың кесірінен соғыс, дағдарыс, экономикалық құлдырау, қауіпсіздігі мен бүтіндігін айырылу, бар байлығының тоналуы мен ұлттың жойылуы сынды кесапаттарға жолығуда. Осындай кері жағдаяттар біздің де елімізде болмауі үшін, Абайша айтқанда қолымызды мезгілінен кеш сермемей, уақытылы назарға алғанымыз жөн.
Бұл ретте мектеп қабырғасынан бастап діни білім беруде олқылық жібермей, барынша сенім сауаттылығының тұғырын тіктеу керек. Діннің бөлуші емес, біріктіруші күш екенін, ақиқат пен адалдықтың, татулық пен тыныштықтың жаршысы екендігін түсіндірсек ұтарымыз да көп болмақ.
Белгілі бір жетістікке жету үшін жастарға білім беру саласында оң өзгерістерге жол беріп, дін мәселесіне келгенде ақ пен қараның аражігін ажырата білетіндей ұрпақ қалыптастырған жөн.
Қазір жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейілінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.
Ендігі ретте саннан сапаға ауысу, білім деңгейін көтеру, жастардың тың идеяларына кеңінен қолдау көрсетіп, талапты әрі табандылар ғана жасампаз болашақтың жемісін көреді деген идеология қалыптастыру басты приоритет болды. Ол үшін жастардың еңбекке араласуына, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мемлекет тарапынан бүгінгіден де артық көңіл бөлінгені мәлім. Жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, кәсіпкерлікке баулу және жұмыспен қамтуға, жалын иелеріне арналған ресурстық орталықтардың қызметі мен бағыттарына, таланттылар мен дарындыларға қолдау көрсетуге аса ыждағаттылық танытылды. Сонымен қатар діндік тәрбие беру, сенім сауаттылығын қадағалау, теріс ағымдардан алшақ болуға үйрету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Ғаламтор беттеріндегі жат ағымдарды насихаттаушы парақшаларды бұғаттау ісі де күн тәртібінен түспеу керек.
Осы міндеттер үдесінен шықсақ қана кемел келешекке қарай қарымды қадамдар істемекпіз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.