ХХІ ғасыр – түрлі діни қақтығыстар мен жат ағымдардың жарға жығар құйтырқы әрекеттеріне толы. Көптеген мемлекеттерде діннің атын жамылған теріс пікірлі топтардың террорлық және экстремистік істерінің салдарынан бүтіндей бір елдердің экономикасы құлдырап, дағдарыс пен соғыстың қамытын киіп отыр. Ерінен айырылып етегі жасқа тола еңіреген әйел, анасының жылы құшағынан сезіне алмаған бала, сәбиінің мүрдесінен құшақтаған ана – сенім мен дінді саясатқа айналдырған содырлардың әрекеттернің салдары.
Қарап тұрсаңыз заман, адам ешкімді аяп жатқан жоқ. Қалтаға басқан қаржының молдығына масайып, жалпыұлттық азғындыруға ұмтылғандардың ісіне қарап денеңіз түршігеді. Соңынан еруші, адасушылардың қатарын ұлғайту үшін ел-елде, жер-жерде жалған уағызшылар мен насихатшылар өз жұмыстарын бастап та кеткен. Бұл үрдіс Қазақстанды да шет айналып өткен жоқ. Балақты қысқартып, сақалды ұзартқан, санасын ұлық тұлға тұтқан ұстаздарының уағызы жаулаған азаматтар да баршылық. Әсіресе, хақ дін Исламның ақиқат жолына кір келтіріп, мұсылманбыз деп жар салып жүрген жат ағым өкілдері өз саясатын оңымен жүргізіп отыр.
Мемлекет тарапынан түрлі реформалар қабылданып, террорлық және экстремистік деп танылған ағымдарға шектеулер де қойылуда. Теологтар сенім сапарынан адасқандармен оңалту жұмыстарын жүргізіп, тура жолды нұсқауға да барынша тырысуда. Қолға алынған іс, көтерілген мәселе де мол. Алайда діндік, ділдік бүтіндікке нұсқан келтіретін топтардың тамырына толықтай балта шабу мүмкін болмай отыр. Бұған әрине ең алдымен жаңа заманға сай ғаламтордағы белсенділік те кедергі келтіріп отырғандай. Себебі телефон арқылы теріс жолды уағыздаушылар өздерінің белгілі орнын көрсетпей, адамдар тікелей байланыс жасамай-ақ сананы улауға кіріскен. Алланың жолы деп алдаудың жолын нұсқап, шариғат деп шатасу сапарын сілтейтіндердің бұл ісіне тосқауыл болу да оңай емес.
Осы ретте түрлі діни туындылар мен кітаптарды оқуда және уағыз тыңдауда ҚМДБ-мен мақұлданған авторларды ғана таңдаған жөн. Әйтпесе, өзіңіз де шатасып, өзгені де адастыруға бастауыңыз ықтимал.
Бұл ретте діни сауаттылықтың басымдығы белең береді. Әрқайсымыз да саналы, зейінді азаматпыз. Өзгенің алдауына, арбауына көне беретіндей ақылымыз толыспаған, пікіріміз қалыптаспаған емеспіз. Сондықтан да ең алдымен өзімідің діни сауаттылығымызға мән беріп, айналамыздағы жақындарымыздың да тура жолдан тайып кетпейін қадағалауымыз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай істе жұрт болып жұмылып, бұқара болып біріге білсек игі еді.
Қазақтан зайырлы, 130 ұлттың да еркіне еркіндік берген мемлекет. Діндік, ділдік, тілдік құндылықтарын тұсамай, салт-дәстүр мен ұлттық болмыстарын сақтауға да барынша жағдай жасалған. Алайда бұл сарабдал саясатты теріс бағытта пайдаланатын тұлғалар да жетерлік. Олар ел бүтіндігі мен қауіпсіздігіне орасан зор қауіп төндіріп, тыныштық тұғырын теңселтіп отырғаны да жасырын емес.
Бұл ретте әсіресе жас толқынның діндік түсінігінің өзгеріп кету қаупі жоғары. Санасы жетіліп үлгермеген өскелең ұрпақты адастыру жас қайыңды игендей оңай шаруа. Болашаққа алаңдаушылық танытып, ертеңімізді ойласақ жат ағымдармен күрес шараларын күшейту, алдын алу жұмыстарының қарқынын арттыра түскен дұрыс.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.