Тазалық – әр адамның денсаулығы мен тұрғылықты жеріміздің керемет көрінісінің кепілі. Ал оны қадағалау барлық тұрғындарға ортақ міндет.
Жуырда 9807 әскери бөлімінің сардарлары мен сарбаздары Үшарал қаласының кіре берісіндегі демалыс аймағының қүл-қоқысын тазалап шықты. «Taza shekara» акциясы аясында өткізілген шараға аталған бөлім қызметкерлері толықтай атсалысып, 40 мың шаршы аумақтан 3 тоннадан астам қоқыс шығарды.
«Бұл біз үшін тапсырма емес. Әрқайсымыздың ортақ ойымыз бен пікірімізден туындаған дүние. Өзіміз өмір сүріп жатқан шаһардың тазалығына қолғабыс ету біз үшін де абыройлы міндет. Осы жерде әрбіріміздің балаларымыз ойнайды, әке-шешелеріміз қыдырады. Өзіміз де қолымыз бос кездері серуендеуді ұнатамыз. Ал осындайда айналамыз таза тұрса бір ғанибет емес пе? Сондықтан да сарбаздарымыз жұмыла игілікті істі бастап та кеттік. Бұл алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ»,- дейді 9807 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің аға офицері, капитан М.Абдикалиев.
Тазалық жұмыстары барысында сынған ағаштар алынып, тал-теректердің арасына шашылған қоқыс түгелдей жиналды. Есесіне жасыл желекке оранған демалыс аймағы өзгеше келбетке ие болып, көркейе түсті.
Осындай үлгі боларлық істе алдыңғы қатардан көрініп жүрген 9807 әскери бөлімінің ісі өзгелер де өнеге етсе құба-құп болар еді. Себебі тазалық арқылы біз өзіміздің мәдениеттілігіміз бен өркениеттілігімізді танытпақпыз.
А.ЕСЕНБЕКОВ.