
Жетісу облысында жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты шипажайлар мен демалыс аймақтарындағы қызмет сапасын бақылау күшейтілді. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жазғы кезеңде де заңдылықтың сақталуын жіті қадағалайтынын мәлімдеді.
Жыл басынан бері департаментке тұрғындардан 573-тен астам өтініш келіп түскен. Шағымдарды дер кезінде қараудың нәтижесінде облыс тұрғындарына заңсыз шегерілген немесе қайтарылмаған 20 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сондай-ақ, заң бұзған кәсіпкерлерге 25 әкімшілік хаттама толтырылып, 600 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Тұрғындар ең көп шағымданатын салалардың көш басында бөлшек сауда 187 арыз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық 108 шағым және электрондық сауда 52 шағым тұр. Сонымен қатар, көлік қызметі бойынша түскен 21 шағымның басым бөлігі авиабилеттерді қайтаруға қатысты болды.
Жазғы демалыс кезінде тұтынушылық құқығыңыз бұзылса, Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 78 мекенжайына, 8 (7282) 41-56-10 жедел желісіне немесе eotinish.kz платформасы мен Telegram-бот арқылы ресми шағым түсіруге болады.
Фото: Жетісу облысы ТЖД
