Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тоғызыншы бөлімінде көтерілген міндеттерді кеңінен түсіндіру, көз қысты, бармақ басты әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жемқорлық басты қоғам індеті» атты дөңгелек үстел өтті.
Оған бөлім, мекеме басшылары, мектеп оқушылары, белсенді жастар мен аудандық кітапхана қызметкерлері қатысты.
Сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиялы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің басты проблемасына айналып, мемлекетке де жеке азаматтарға да орасан зор кесірін тигізіп жатқандығына тоқталса, аудандық әділет басқармасының басшысы Қ.Байболов, аудандық прокуратураның прокуроры Ә.Елеусізов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың тамырына балта шабу жолдарын түсіндірсе, аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Сүйеубаева: «саусақ бірікпей, ине илікпейді»,- дей келе жиналғандарды аталмыш кеселмен жұмыла күресуге шақырды.
Артынша «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшелері «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы тәлімі мол сахналық қойылым көрсетіп, көрермендердің аталмыш індет жайлы түсініктерін кеңейте түсті.
А.ИМАНАСОВА