Жетісу облысында коммуналдық желілерді жаңғыртуға 78,8 млрд теңге бөлінеді

Жетісу облысында коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Ұлттық жоба аясында жалпы құны 78,8 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іріктелді. Бұл жобалар электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғыртуға бағытталған. Нәтижесінде тұрғындарды коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету деңгейі артады.
2026 жылдың өзінде жалпы құны 33,5 млрд теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде электрмен жабдықтау саласында — 16 жоба, сумен жабдықтау және су бұру бағытында — 5 жоба, ал жылумен жабдықтау бойынша 2 жоба жүзеге асырылады. Қалған 42 жоба, жалпы құны 45,3 млрд теңге, 2027-2028 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде инженерлік желілердің тозу деңгейі едәуір төмендейді деп күтілуде. Атап айтқанда, облыстағы электр желілерінің тозуы 78,5%-дан 67,2%-ға дейін, ал жылу желілерінің тозуы 61%-дан 54%-ға дейін азаяды.
Сонымен қатар, Текелі қаласында қазіргі таңда тозу деңгейі 86%-ға жеткен сумен жабдықтау желілері толықтай жаңартылады. Ал Талдықорған қаласында биыл Жансүгіров көшесі бойындағы негізгі жылу магистралін ауыстыру жұмыстары басталады. Пайдалануға берілгеніне 46 жыл болған құбырлар жаңартылғаннан кейін қаладағы 26 мыңнан астам тұрғын сенімді әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Мәліметпен бөлісу: