Жетісу облысында туберкулезбен науқастанғандар саны республикалық көрсеткіштен жоғары


Жетісу облысында туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы бүгінгі күні күрделі. Ағымдағы жылдың 5 айында туберкулездің 134 жағдайы тіркеліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 жағдайға өсіп отыр. Өңірдегі сырқаттанушылық деңгейі 100 мың адамға 20,5 жағдайды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен 16,2 немесе 26 пайызға жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мен облыстың фтизиопульмонология бөлімінің инфекциялық бақылау орталығының координаторы Рая Ақашева мәлімдеді. «Облыс бойынша өкпе туберкулезімен сырқаттанушылық 121 жағдай құрайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7 жағдайға артық өсімді көрсетеді, өткен жылы осы мерзімде 114 жағдай тіркелген болатын. Айта кету керек, эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті, инфекцияның негізгі көзі осы – өкпе туберкулезімен ауыратын науқастар», – дейді Индира Күнбасова. Қатерлі дертке шалдыққандардың басым бөлігі Сарқан, Ескелді, Кербұлақ, Алакөл аудандарының тұрғындары. Туберкулез дерті балалар мен жасөспірімдер арасында өзекті мәселеге айналып отыр. Ағымдағы жылы балалар арасында 6 жағдай, жасөспірімдер арасында 1 жағдай тіркелді. Медициналық және эпидемиологиялық қызмет мамандары өңірде туберкулез дертімен науқастану көрсеткіштері, таралуын болдырмау мәселесінде қадағалау шараларын жүргізуде. Жалпы 5 айда анықталған 134 науқастың басым көпшілігі флюорографиялық тексерумен, 6 Манту сынамасымен және өздері қаралып анықталды. «Бүгінгі күні туберкулез дертін диагностикалаудың заманауи әдістері де бар. Мәселен, Gene-Xpert туберкулезге молекулалық-генетикалық тест жүргізуге мүмкіндік беретін автоматты жүйесі, QuantiFERON-TB сынағы (QFT) туберкулез инфекциясының in vitro диагностикасына арналған инновациялық сынақ болып табылады. Gene-Xpert туберкулезге қарсы препараттарға, оның ішінде рифампицинге төзімділікті анықтайды әрі кез келген патологиялық материалды зерттеуге көмегін тигізеді. QuantiFERON-TB сынағы өз кезегінде жоғары спецификалық және сезімталдықты қамтамасыз етеді, сонымен қатар инфекция жақын арада жұққан жағдайды да анықтайды, демек ауруға күдіктенуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік жағынан айтсақ QFT аллергия немесе жанама әсерлер тудырмайды, әрі оған БЦЖ вакцинасы әсер етпейді. Бұл әдіс Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен туберкулезге шалдығу қаупі жоғары қауіпті топтарға, науқаспен қатынаста болған азаматтарға және иммуносупресивті терапияны бастаған науқастарға ұсынылған», – деп қорытындылады Рая Ақашева.

Мәліметпен бөлісу: