Жетісу облысының толық электрондық картасы жасалды

Бүгінгі таңда облыстағы 358 елді мекеннің барлығы бас жоспарлармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта заман талабына сай қажетті түзетулер енгізілуде. Сонымен қатар, елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 20,4%-ға жетті. Осындай ақпаратпен БАҚ өкілдерімен кездесуде Жетісу облысы сәулет және қалақұрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабыржан Мекебекұлы бөлісті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша келесі аумақтардың қала құрылысы жобалары әзірленді және түзетілді. Атап айтсақ, Алакөл ауданы: Ақтүбек, Бұлақты, Жайпақ, Лепсі ауылдары, Қаратал ауданы: Ескелді би ауылы, Кербұлақ ауданы: Сарыөзек ауылы, Сарқан ауданы: Қойлық ауылы, Текелі қаласы және облыс аумағының кешенді схемасы.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстың барлық елді мекендерінің электрондық картасы жасалды. Бұл жоба «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» порталын толтыру үшін маңызды қадам болды.
Жұмыс барысында мамандар әрбір жылжымайтын мүлік нысанын аралап, мекенжайларды түгендеуден өткізді. Қазіргі уақытта бұл деректер Бас прокуратураның облыстық департаментіне тұрақты түрде жолданып, карта жаңартылып отырады.
Сонымен қатар, басқарма мамандары жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша деректерді жинақтап, мониторинг жүргізуде. Биыл Алакөл ауданындағы Үшарал қаласы мен Көлбай ауылының, Ескелді ауданындағы Бақтыбай, Сырымбет және Шымыр ауылдарының қала құрылысы құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.

Мәліметпен бөлісу: