Жетісуда әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстары 97 пайызға аяқталды

Жетісу облысында әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнату жұмысы аяқталуға таяды. Жалпы өңірде әлеуметтік әлжуаз санатындағы 5787 отбасы болса, бүгінде соның 5619-ына аталған құрылғылар қойылды. Бұл іс осы қараша айының соңына дейін толық атқарылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Датчиктер орнатуды жергілікті аудан-қала әкімдері, Төтенше жағдайлар департаменті және осы іске жауапты мердігер компания өкілдері бірлесіп қолға алған.

— Мұндай датчиктерді орнату өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 2022-2023 жылғы жылыту маусымына қарағанда өткен 2023-2024 жылғы жылыту маусымында жеке сектордағы өрт оқиғасы облыста 27% азайды. Бұған дейін 4919 тұрғын үй осындай құрылғылармен қамтылса, қалған 868 үйге датчик орнату осы жылыту маусымына межеленген болатын. Қазіргі таңда аудан-қала әкімдіктері датчиктерді толық көлемде сатып алды, бүгінгі күнге соның 699-ы орнатылды, қалған 169-ы қараша айының соңына дейін орнатылып бітеді. Тұрғын үйлерде оқыс жағдайды болдырмау үшін жетісулықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, — дейді Жетісу облысы бойынша ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Еламан Аубакиров.

Жалпы ыстан уланудың, өрт қаупінің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметі үйлердегі датчиктерді тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәліметпен бөлісу: