Жетісуда қоқыстың тек 17,8%-ы ғана қайта өңдеуге жарамды

Жетісу облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Тлеухан Байгуатов 2026 жылдың басынан бергі жұмыс қорытындысын жариялады. Өңірде заң бұзушылармен күрес айтарлықтай күшейді. Тексеру барысында 17 ірі нысанда 66 құқық бұзушылық анықталып, оның 39-ы өрескел бұзушылық санатына жатқызылды.
Қалдықтарды басқару саласында өңірдегі критикалық жағдай әлі де сақталып отыр. Аймақтағы 7 ресми қоқыс полигонының тек үшеуінің ғана — Талдықорған қаласында, Қаратал және Көксу аудандарында заңды экологиялық рұқсаты бар. Ескелді, Кербұлақ, Панфилов және Сарқан аудандарының полигондары заңсыз жұмыс істеп тұр және олардың аумағында қоршаған ортаға орасан зор залал келтіретін өрт оқиғалары тұрақты түрде орын алуда. Жетісуда жыл сайын шамамен 220 мың тонна қоқыс жиналғанымен, сұрыптау желілерінің жоқтығынан оның тек 17,8%-ы ғана қайта өңделеді, ал қалған қалдықтар ашық аспан астында шіріп жатыр. Бұдан бөлек, ғарыштық мониторинг көмегімен облыс аумағында 35 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды, бірақ әзірге оның тек 11-і ғана жойылды.


Сонымен қатар, департамент цифрлық бақылауға байланысты оң өзгерістерді де атап өтті. Өңірдегі өндірістік алыптар — «Alacem» ЖШС цемент зауыты мен «Талдықорғанжылусервис» КМК кәсіпорны эмиссияларды автоматтандырылған бақылау жүйелерін толықтай іске қосты. Енді түтін мен шығарындылар көлемі туралы мәліметтер экологтарға тікелей онлайн-режимде түсіп отырады. Оған қоса, трансшекаралық Қорғас өзенінің су сапасына және бүкіл облыс бойынша атмосфералық ауаның жағдайына тұрақты бақылау жүргізілетін болады, бүгінгі таңда өңірде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу фактілері тіркелген жоқ.

Мәліметпен бөлісу: