
Қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі басталды.
Фестивальге Жетісу облысының аудан-қалаларынан келген аға буын өкілдері қатысты. Олардың қатарында облысқа танымал зиялы қауым өкілдері, түрлі саланың ардагерлері мен белсенді азаматтар болды.
Шараға Текелі қаласындағы «Шапағат» қарттар үйінің тұрғындары да қатысты. Демеушілердің қолдауымен қарттар үйіне дыбыстық аппаратура табысталды.
Фестиваль аясында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Туған күніңізбен, Анашым!» атты премьера қойылып, көрермен назарына ұсынылды.

Қойылымды аудан-қалалардан келген 300-ге жуық қария және 200 жас тамашалады.
- «Біздің басты мақсатымыз – аға буын өкілдерінің сапалы әрі белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Қариялардың қажетті медициналық көмекті уақытылы алып, денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауы – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуге өз үлесімізді қосуды көздейміз», – деді «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Ғабдылкәрімұлы Есбай.
Ал партия ардагері Ерғазы Қошанбекұлы фестивальдің аға буын үшін маңызын атап өтті. - «Біз үшін мұндай кездесулердің орны бөлек. Жастардың арасында отырып, олардың өнерін көріп, әңгімелесудің өзі үлкен қуаныш. Біздің буынның көргені мен түйгені көп. Сол тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Бүгінгі қойылым да ата-анаға деген құрметті, отбасының қадірін жақсы көрсетті», – деді Ерғазы Қошанбекұлы.
Анаға деген құрмет, отбасы құндылығы, ата-анаға деген жауапкершілік пен ұрпақтар арасындағы байланыс көрініс тапқан қойылым көрерменге ой салды.
«Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі аясындағы бұл шара аға буын мен жастарды бір ортаға жинап, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды
