Жетісуда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қаланы абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаһардың сәнін келтіріп, экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалардың басым бөлігі қазірдің өзінде мәреге жақындап қалды.

Бүгінгі таңда ең ірі нысандардың бірі – Қаратал өзенінің жағалауы. Мұндағы 9 гектар аумақты қамтитын жасыл желекті күтіп-баптау үшін заманауи автоматты суару жүйесі орнатылып жатыр.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында басталған құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Қазіргі уақытта нысанда 40-қа жуық маман мен жұмысшы еңбек етуде.

Жобаның ерекшелігі: Тұрақты су көзін қалыптастыру үшін арнайы ұңғыма (скважина) қазылды. Жалпы көлемі 40 мың шаршы метрді құрайтын жасыл газон аумағына 44 магниттік клапан қойылады. Бұл жүйе әр аймақтың қажеттілігіне қарай жеке-жеке және автоматты түрде суаруға мүмкіндік береді.

Дәл осындай заманауи жаңбырлатып суару жүйесі қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны — «Жастар» саябағында да енгізіліп жатыр. Сәтті жүзеге асып жатқан бұл жоба 4 гектар аумақты қамтиды.

Жұмыс сапасы мен жылдамдығын арттыру мақсатында мердігер мекеме тарапынан нысанға 20 жұмысшы мен 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда мұндағы жұмыстардың да 80%-ы орындалып қойды.

Жоспар бойынша екі нысандағы абаттандыру жұмыстары бекітілген кестеден ерте, яғни осы жылдың маусым-шілде айларында толықтай аяқталады деп күтілуде. Аталған жобалар іске қосылған соң, Талдықорғанның бас демалыс аймақтары аптап ыстықта да құрғамай, жыл бойы жап-жасыл болып тұрмақ.

Мәліметпен бөлісу: