
Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздік цифрлық бақылау арқылы күшейтілуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде өңірде тәртіпті күзетудің жаңа кезеңі басталды. Облыс аумағында 1293 бейнебақылау камерасы үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Бұл техникалар жай ғана жазу құрылғысы емес, қылмыстың алдын алу мен оқиға орынына жедел жетудің басты құралына айналды. Мәселен, өткен 2025 жылдың 12 айында полицияның «102» арнасына 168 124 хабарлама түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,9 пайызға көп. Мұндай өсім тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімі мен азаматтық белсенділігінің артқанын көрсетеді.
Цифрландырудың нақты нәтижесі қандай?
Бейнебақылау жүйесінің арқасында 167 қылмыс ізі суымай ашылды. Сонымен қатар жедел басқару орталығы 21 861 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұл көрсеткіш заманауи технологиялардың заң бұзушылықты тіркеудегі тиімділігі 32,1 пайызға жоғарылағанын айқындайды.
Талдықорған қаласы мен облыстың 9 ауданында 14 нүктеде SOS батырмалары орнатылған. Бұл құрылғылар арқылы кез келген тұрғын қиын жағдайда дыбыс және бейне байланыс арқылы жедел көмек шақыра алады.
Интеллектуалды камералар және «Заң мен тәртіп»
Қауіпсіздік саласындағы маңызды жаңалықтың бірі – бет-әлпетті тану функциясы. 2025 жылдың сәуір айынан бастап Талдықорғанда 23 интеллектуалды камера іске қосылды. Бар болғаны төрт ай ішінде жүйе 547 сәйкестікті анықтап, іздеуде жүрген немесе күдікті тұлғаларды табуға септігін тигізді.
Тұрғындар үшін «Омниканалды» жобасы мен «Заң мен тәртіп» мобильді қосымшасы да қолжетімді. Осы жүйелер арқылы 500-ден астам хабарлама тіркеліп, жедел шешімін тапты. Цифрлық технологиялар тек бақылау ғана емес, бұл – әрбір тұрғынның өзін жайлы сезінуіне жасалған қадам.
Егер сіз де қоғамдық орында заң бұзушылықты байқасаңыз немесе көмек қажет болса, «Заң мен тәртіп» қосымшасын қолдануды ұмытпаңыз. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ іс.
