Бүгін Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар алаңында өңірдің экологиялық тұрақтылығын қалыптастыру жайында маңызды мәселе талқыланды. «Жасыл ниеттестік» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Ахмедиева мен танымал экоактивист Сергей Тандеев жобамен таныстыру жүргізді. Жоба аясында қоғамдық бірлестік республикадан 5 млн.теңге грант ұтып алған.
Жоба халық арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне бағытталған. Жобаның басым бағыттары тұрғындардың экология туралы білімін жетілдіруге, әсіресе туризмді дамыту, қосымша инфрақұрылым орнату, жергілікті таза табиғи өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау танытуға, одан бөлек елдімекендердің тазалығына мониторинг жүргізу, түрлі конкурс ұйымдастыру арқылы экологиялық мәселелердің шешілуіне ықпал етуге бағытталған.
Қоршаған ортаны қорғауға арналған жобаның тағы бір бағыты адамның табиғатқа келтіретін зиянын азайтуды көздейді. Мектеп оқушыларын кеңінен қамтитын іс-шаралар аясында суреттер, плакат салудан сайыстар ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар жастардың экологияға қызығушылығын арттырып, табиғатты таза сақтауға деген жанашырлығын арттырмақ.
Жоба жеңімпаздарының айтуынша, «Жасыл ниеттестік» бастамасы Жетісу өңірінің экологиялық хал-ахуалын жақсартып қана қоймай, туризм саласының тұрақты дамуына, табиғи ресурстарды өскелең ұрпақтарға сақтап қалуымызға көп септігін тигізбек.
«Жоба аясында «Тазалық марафоны» конкурсы ұйымдастырылады. Экологиялық бастамалардың түрлі санаттары бойынша 200 мың теңге сомасында 10 кіші грант беру қарастырылған. Олардың қатарында ең жасыл, ең таза көпқабатты және жер үй, ең жасыл әрі таза елдімекендер, оқу орындары, бизнес құрылымдары, туризмді дамытуға бағытталған бастамалар, қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы өнертапқыштарға және экологиялық таза өнім өндірушілерге берілетін шағын гранттар бар», – дейді Әлия Ахмедиева.
Толығырақ конкурс жайлы ақпарат алу үшін +7 701 742 60 93 байланыс номері арқылы хабарласуға немесе @ecojetisy@mail.com электрондық поштасына жазсаңыздар болады.