
Жетісу облысында жазғы маусымда 11 қала сыртындағы балалар сауықтыру орталығы (6 мемлекеттік және 5 жекеменшік) мен мектеп жанындағы 299 алаң жұмыс істейді деп жоспарлануда. Балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына байланысты өзекті тақырып Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында көтерілді.
Биыл өңірдегі 1-10 сынып аралығындағы 124 мыңнан астам оқушының 116 777-сі жазғы демалыспен қамтылады. Оның ішінде 10 350 бала қала сыртындағы лагерьлерде демалса, жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 494 балаға 454 миллион 580 мың теңге (әр балаға 70 000 теңгеден) бөлінді.
Сонымен қатар, 40 000-ға жуық оқушы облыстың көрікті жерлеріне, ұлттық саябақтар мен Алакөл, Балқаш, Қапшағай көлдеріне экскурсиялық саяхаттарға шығады, ал 201 бала «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық орталықтарына жіберіледі. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің қатысуымен өңірлік штабтар құрылып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жазғы сауықтыру орталықтарының ашылуы екі кезеңге жоспарланған: 1-15 маусым аралығында 7 орталық («Айналайын», «Көктөбе», «Алтын Чажа», «Бастау», «Эдельвейс», «Қарлығаш», «Жыланды этно кэмп»), ал 16-31 маусым күндері тағы 3 орталық («Жалын», «Шағала», «Жансая») есігін ашпақ.
Биылғы маусымның басты жаңалығы – балалардың демалысын ұйымдастыратын мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын нысандарға 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап «Ерекше бақылау мен қадағалау» атты жаңа тексеру түрі енгізілмек.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лагерь директорларына лицензиялау талаптары түсіндірілді. Өтініштер «elicense.kz» порталы арқылы электронды түрде қабылдануда. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігінен лицензиялау жүйесін толық іске асыруға қажетті қосымша нормативтік құжаттар күтілуде.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 18 мамырдағы жағдай бойынша 3 лагерь «Эдельвейс», «Бастау», «Айналайын» ресми қорытынды алып үлгерді, ал 5 нысанның өтініші жұмыс барысында қаралуда. Лагерьлер жұмысын бастамас бұрын ауыз су, топырақ, жарықтандыру және микроклимат көрсеткіштері бойынша міндетті зертханалық тексерулерден өтіп, ғимараттарды дезинфекциялау, ас блоктарын дайындау жұмыстарын аяқтауы тиіс.
Өрт қауіпсіздігі бағытында да дайындық жұмыстары қызу жүруде. Жоспарлы профилактикалық бақылау тізіміне сәйкес биыл 4 нысанда өрт-техникалық тексеру жүргізіледі. Тексерістен өткен «Бастау» лагерінде 9 бұзушылық анықталып, оларды жою үшін 10 шілдеге дейін уақыт берілді. Жоспарлы тексеру кестесіне енбей қалған 7 лагерьдің басшыларына өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ресми ұсыным хаттар табысталды.
Облыс көлемінде балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру жұмыстары маусым аяқталғанға дейін тұрақты бақылауда болады.
