Жетісулық балалар «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне және оқу жылының аяқталуына орай өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен мерекелік шаралардың жоспары таныстырылды.
Республикалық тұжырымдама аясында 28-31 мамыр аралығында Жетісу облысынан арнайы іріктелген 5 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Астана қаласына саяхатқа кетті. Олардың қатарында Ескелді, Қаратал аудандарынан, Текелі, Талдықорған қалаларынан және «Айналайын» балалар үйінен бір-бір баладан бар.
«Балалар елордада Ақорда резиденциясын аралап, «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады.
Сонымен қатар, облыста есепте тұрған 891 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқығын қорғау мақсатында «Отбасы банкпен» бірлесіп, тұрғын үй кезегіне қою және есепке алу процестері толық автоматтандырылғаны хабарланды.
28-29 мамыр күндері облыс, қала және аудан әкімдерінің, сондай-ақ депутаттардың балалармен тікелей кездесулері өтеді. Шара аясында «Бір сәтке әкім» рөлдік ойыны ұйымдастырылып, өскелең ұрпақ өздерін қорғау мен өңірді дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік алады.
Балалардың еңбек құқықтарын қорғау мен олардың заңсыз жұмысқа тартылуының алдын алу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты, ал бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі балаларға алаңсыз балалық шақ сыйлаумен өлшенеді.
Осы мақсатта, 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесінде «Бақытты балалық үшін» акциясы аясында Талдықорған қаласындағы «Жеңіс саябағында» және барлық аудан орталықтарында ауқымды шаралар өтеді. Мерекелік бағдарламада концерттер мен спорттық жарыстар, ғылыми-шығармашылық көрмелер, Қуыршақ театрының қойылымдары мен ұлттық ойындар, сондай-ақ «Әлем сұлулығы балалар көзімен» асфальтқа сурет салу конкурсы ұйымдастырылады. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығы мен еңбек қауіпсіздігін түсіндіру тұрғысынан маңызды «Заң және тәртіп» локациясы өз жұмысын көрсетеді.

Мәліметпен бөлісу: