ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр айдынды Алакөл өңіріне арнайы іс-сапармен келді. Жұмыс барысында туристердің келіп-кетуіне қолайлы жағдайлар жасау, әуе-темір жолдармен қатынау мәселесі және Талдықорғаннан бері тартылған күре жолды күрделі жөндеуден өткізу тақырыбы талқыға түсті.

Құрметті қонақты қарсы алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов пен Алакөл ауданының басшысы Алмас Абдинов өңірдегі туризм саласының даму перспективалары, «Үшарал» әуежайының қызмет барысы, көл жағалауын бекіту жұмыстары жайында мағлұмат берді. Сонымен қатар, әуежайдың ұшып-қону жолағын кеңейту, сол арқылы алып ұшақтарды да қабылдауға мүмкіндік ашуға бағытталған ілкімді істерге тоқталды.
Артынша «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Үшарал-Достық» бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен жиын өткізді.
Кездесу барысында баяндама оқыған «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы «Талдықорған-Өскемен» бағытындағы күре жолды күрделі жөндеуден өткізіп жатқан Қытайдың «CITIC Construction CO., Ltd» компаниясының жұмысын сынға алды. Яғни, жолды жөндеу барысы 120 күнге дейінгі уақытқа кешіктіріліп, толықтай аяқтау мерзімі де ұзарып бара жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ тәулігіне 9 мың тонна асфальт төсеу жоспары тек 4,5 мың тоннаға ғана орындалуда.

Өз кезегінде «CITIC Construction CO., Ltd» компаниясы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Ян Бо мырза істі ілгерілетуге ең алдымен пандемия кедергі келтіргенін айтып, ақталды. Бұдан бөлек жол жөндеуге қажетті материалдардың қымбаттауы салдарынан қаржылық қиындықтар да туындап жатқандығын жеткізді. Жылдың аяғына дейін төртінші участоктан бөлек аймақтар қолданысқа беріледі деп сендірді. Қазіргі таңда жолдың 78 пайызы аяқталған-мыс.
Мердігер компания өкілін толықтай тыңдай келе Р.Скляр: «Алакөл – Қазақстандағ туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан айрықша мекен. Жыл сайын миллиондаған меймен келетін өңірге ең алдымен жол мәселесінің шешілгені маңызды. Пандемия салдарынан кедергі туындағанын түсінемін. Алайда, сіздер қолға алған жұмысты мерзімді аяқтап, жолды халықтың пайдалануына толықтай берулеріңіз қажет. Өйтпеген жағдайда мемлекет тарапынан тексеру жүргізілетінін ескертемін. Сіздер 2017 жылы бөлінер қаржының 50 пайызын алдын ала сұраттыңыздар. Бірақ жұмысты бастауға тағы бір жылдай қажет болды. Материалдардың қымбаттауы бұл іске мүлдем кедергі келтірмей керек. Бұл жұмыстардың артында абырой-беделдеріңіз тұрғандығын ұмытпаңыздар»,- деп, қатаң ескерту жасады.
Артынша «Үшарал-Ақши» бағытындағы жолға жауапты «Қыран» ЖШС-ның бас директоры Жайсан Сыздықов белгіленген 60 шақырым жолдың 50 шақырымы қолданысқа беріліп, қалған 10 шақырымында қарқынды жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Бұндағы басты мәселе білікті мамандардың жетіспеушілігі. Жол құрылысын толықтай меңгеріп, тіпті ауыр жүк көліктерін жүргізуге мамандандырылған жұмысшылардың да аздығы байқалуда.
Р.Скляр өз сөзінде «Қыран» ЖШС-нің жұмысына ризалық білдіріп, бұдан да үлкен жобаларға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар Достық кентіне қарай тартылған тас жолға жауапты «АБК-Автодор НС» ЖШС-нің бас директоры Қанат Күшербаев өз аумақтарындағы іс барысын баяндап берді.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алматы облысы,
Алакөл ауданы.