Биылғы жыл төрден орын алған тегеурінді отыз елдің көшіне қосылуға ұмтылған Қазақстанның алты құрлықтағы атағын едәуір аспандатқаны мәлім. Елбасының дәстүрлі Жолдауынан бастау алған жыл мемлекетіміздің даму процесін жеделдетіп, желкеніне жел үрлегені де жасырын емес. Сондай-ақ рухани азғындаудың алдын алу мақсатында жарияланған мәні мен маңызы ерек мақала біздің жаһандық бәсекелестіктегі бәсімізді жоғарылатты. Енді міне, Ұлт көшбасшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы халыққа Жолдауын жария етіп, мақсат-міндеттер аясын кеңейтті. Бұл Жолдау өз кезегінде қазақстандық даму үлгісінің тұғырын тіктеуге сүбелі үлесін қоспақ.
Қазіргі уақыт талабы қатаңдап, заман ағысының шыдас беру үшін үзіліссіз жаңғырып отыру керектігі мәлім. Ертеңіміз үшін елеулі қадамдарға барсақ қана болашағымыз баянды болмақ. Осы ретте алпыс қырдың артындағы айтулы деген дүниелерді аңғарғыш Елбасы кезекті Жолдауында бүгінгі дәрежемізден де ары адымдауға қажетті қадамдарды тайға таңба басқандай айқындап берді.
Қазақстандық даму үлгісіне жаңа мүмкіндіктер ұсынған бұл Жолдаудың әр тармағында салмақты ой, сарабдал саясат жасырынғаны ақиқат. Нақты міндеттер көрсетіліп, мақсатымыз айқындалған. Алты бөлімге бөлінген тағылымды туындыда мемлекетіміздің тарихтағы таңбасын алтынмен аптауға қажетті артықшылақтардың шымылдығы сырылып, шындығы айтылған.
Халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы сынды алты бөлімде болашаққа бағытталған сапарымыздың сәтті болуының алғышарттары көрсетілген.
Осы басым бағыттардың ішінен «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» тақырыбындағы төртінші бөлімде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру, осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру, үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту, қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту сынды тақырыптар тақыға түсті.
Бұл өз кезегінде саннан сапаға көшіп, жаңа заманға сай мемлекеттік қызмет құрылымдарын түбегейлі өзгертуге, сол арқылы еңбек өнімділігі мен жалақының едәуір өсуіне жол ашпақ. Ал жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға түрткі болмақ. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шараларының жемісін көп уақыт өтпей-ақ көрмекпіз.
М.СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.