Жолдау жемқорлықсыз болашақты қолдайды

Қазіргі дәуірдің дидары бөлек, сипаты басқа. Нарықтық экономиканың заманы жүріп тұрған уақыт. Әлділер құтылып, әлсіздер тұтылып жататын ғасыр. Жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың, көз қысты, бармақ басты әрекеттердің үдеп тұрған кезеңі. «Парақорлық», «Жемқорлық» іспеттес кеселдерің кесірі қонған заман.

Қай халықтың, ұлттың, ұлыстың болмасын даму қарқынын бәсеңдететін келеңсіз құ­­бы­лыстың бірі – сыбайлас жем­қор­лық екендігі даусыз. Бүгінгі күні бұл тек жекелеген елдерге ғана емес, барлық әлем жұрт­шылығын алаңдатып отырған ортақ мә­селеге ай­налды. Сондықтан да, Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тоғызыншы тармағында сыбайлас жемқорлықты тамырынан бастап жоюға бағытталған бірнеше міндеттерді көрсетті.

Аталмыш індет ширек ғасырлық тәуелсіз тарихы бар Қазақстанды да шет айналып өткен жоқ. Кеңес үкіметінің ықпалында именген қазақ, олардың сайқал айласын да, кәззап тәсілдерін де үйренген болатын. Соның көрінісін тоқсаныншы тоқырау жылдарынан байқауға болады. Кебеже қарын, кең құрсақ ауқаттылар ірі-ірі зауыт-фабрикаларды, тиімді әрі табысты кәсіп орындарын жекешелендіру мақсатында талай аға-көкелердің қоржынын қампитқан еді.

Бұйырғанын тіспен, бұйырмағанын күшпен жұлып әкететін кейбір «Дөделеріміз» де бұл мүмкіндікті уыстарынан шығармады. Сөйтіп, енді ғана аяққа тұра бастаған мемлекет қайта шалынды, қайта сүрінді. Содан бері жиырма бес жыдан астам уақыт өтті. Алайда, көксегендеріне жетпей қоймайтын көкелердің құйтырқы әрекеттері тыйылған емес. Бір қорқыныштысы бұл тек сыртқы көрініс, бергі көбік қана. Пәленше ұсталыпты, пәленше қамалыпты дегенді естіп жатқанымызбен олар тек майшабақтар ғана, ал алғанын алпыс қырдың артына жасырып, бергенін болмағандай қылатын «Бәке» мен «Сәкелер» бостандықта тайраңдап жүр. Заң жоқ емес, бар, бірақта пара алудың, берудің пайдасына құныққандар бұдан да құтылып кететіні жасырын емес. Себебі, заңды орындаушы да, белгілеуші де көктен түскен байлыққа кенелуден бас тартпайтыны тағы бар. Құлқыны тескен қаржы дегенін істетпей қоймайды.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Ал оның зардабы қарапайым халыққа тиіп отырғаны хақ дүние. Бұқараның мүддесіне, тілек-талабына бөлінген қаржы көлеңкеде отырып ел қазынасына қол салғандардың қалтасына кетіп жатыр. Бұл мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне орасан зор қауіп тудыратыны сөзсіз. Мұқым халықтың мұң-мұқтажын елемеген әпенділер тасадан тас атып, басқа тартса аяққа жетпей жатқан дағдарыс уақытында соққыларын үдете түсуде.

Сондықтан да, Елбасымыз айтпақшы төрден орын алған тірегі мықты тегеурінді отыз елдің жанына жайғасқымыз келсе ең алдымен – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білуіміз керек. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші жұрт болып жұмылып, бұқара болып бірігіп бұл кесапаттың жолын кесуге ат салысқанымыз абзал. Ұлы жол үйіміздің табалдырығынан басталғандықтан отбасымыздың әр мүшесінің санасына жемқорлықтың кесірі неге әкеліп соғатынын сыналай сіңдіруіміз қажет. Сонда ғана болашағымыз баяды, келешегіміз кемел болмақ.

«Сыбайлас жемқорлық» бұл бүгінгі таңда үрке қарайтын тақырыптардың біріне айналды. Жеңіл жолмен ақша тапқылары келгендер артынан жазаның ауыр болтындығын естен шығарып жататындары тағы бар.

Тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтары көгілдір экраннан, газет-журнал беттерінен, түрлі кездесу, басқосуларда ұрандап жүрген «Жемқорлыққа жол жоқ» түсінігіне атүсті қарайтындар аз емес. Қоржындарына қаржы толтырамын деп, қапияда қазанаттарының ері ауып, бүгінгі атақтары ертеңгі шатаққа төрін беріп жатқандары да жетерлік. Алды бес, арты жиырма жылға абақтыға қамалып, бар мал-мүлкі тәркіленіп, лауазымды қызметке орналасуға шек қойлып та жатады. Онымен қоймай, айдың жарығында ұсталғандарды жалпақ әлемге жар салып көрсетіп, тірнектеп жиған абыройларын айрандай төгеді. Алайда, тиындап болсын, теңгелеп болсын жеп қалуды ойлағандардың қарасы азаяр емес. Оған не себеп?

Біріншіден, рухани дағдарыстың, сананың жұтаңдануының салдары деп білемін. Екіншіден, діни сауатсыздықтың, имани құндылықтардың сақталмауы. Үшіншіден, ұлттық менталитетке, болмысқа, ділге деген құрметтің жоқтығы. Төртіншіден, құқықтық сананың сауатсыздығы, тәртіптік білімнің таяздығы. Бесіншіден, заң талаптарының қатаңсыздығы.

Міне осы бес мәселенің түйінін толық игерген адам пара түсінігінен ада тірлік кешері қалтқысыз. Қылмыстың өтеуі жаза екендігін, екі өмірде де тыныштық жоқтығын білгендер бұл дерттің дауасын бүгін-ақ табары сөзсіз.

Адам баласы жаралғаннан бері бай мен кедей, мықты мен әлсіз сынды қоғамдық бөлінулер де қалыптасты. Ауқаттылар қожайын атанса, тірлігін түзде жүріп күйттеген қарапайым халық құл саналды. Ақшаның, биліктің, байлықтың дәурені жүрді.

Құлдық сана жойылғанымен қаражаты көп қауым өкілдерінің мысы басылмады. Оларға қойылатын кедергі де кем, артылар жаза да аз. Себебі, сыны алынғанымен сыры алынбаған сыбайлас жемқорлық, парақорлық секілді сананы улаған, сенім мен серіктестікке селкеу түсірген сырқат талай азаматтардың айылын тартып ұстауда. Айтақын істетуде.

Ақша бар жерде түйіні тарқатылмайтын түйткілді тақырып қалмады. Барлығының өз құны белгіленді.

Көптің көмейінде жүрген көл сауалдың бірі қоғам дертіне қалай қарсы тұруға болады.

Ол үшін әр адам түзелуді өзінен бастау керек. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынада айтылған ұлттық кодымыздың, генетикалық жадымыздың сақталуы үшін сыбайлас жемқорлық сынды дерттен аулақ жүргеніміз абзал. Рухани жаңғыра алған кез-келген азамат ел мүддесіне нұқсан келтірмесі белгілі. Егер, сіз алмасаңыз, бермесеңіз онда тауарға деген сұраныс та азая түспек. Егер сіз бұл олқылықтың жолын бөгеу үшін бар ынта-ықыласыңызды, ерік-жігеріңізді арнасаңыз онда кемшіліктің кесірі кеми түсері айқын. Сіз пара бермесеңіз ешкім де бермейді, сіз алмасаңыз барлығы да алмайды.

Бізге көбіне айналаға айтатын ақылды айнаға қарап тұрып айтуды үйренген жөн. Себебі, өзгенің сүрінгенін байқау оңай, өз жығылғанымызды мойындау қиынның қиыны. Ұлттық санамызға, болмысымызға, дінімізге, ділімізге де жат дүниеге қарсы тұрыду әр азамат өзінен бастағаны абзал. Сіз түзелмей қоғам да түзелмейді.

Тура айтып туғанына жақпайтын қазақ халқының тектілік тамырына саңырауқұлақша жабысқан сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Мемлекет қаржысын, қарапайым халықтың несібесін талан-таражға салып, дорбалап емес арбалап жымқыратын әумесерлердің де қарасы көбейді.

Пара алу, беру мәселесі бүгінгі таңда кез-келген салаға салмағын түсіріп отыр. Білім беру, медицина, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, жеке кәсіп, құқық қорғау салаларында тіпті балабақшалардың да қақпасынан сығалаған сыбайлас жемқорлықтың уыты кеңінен жайылып келеді. «Бермесең алмайсың» деген түсінік жастың да, кәрінің де көкейіне ұялап алған.

Шындық деп шыңырауға үңіліп, сұмдық деп сұмырайға сөз қайтаратын, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, мансапты мақсат тұтпай, халық игілі үшін алашапқын болып жүрген азаматтар да жетерлік. Қоғам дертінің тамырына балта шабу мақсатында көптеген кемел істер атқарылып, кенен бастамалар да көтерілді. Арнайы заң талаптары бекітіліп, тиісті органдар қарқынды қызмет атқаруда. Алайда, бір қатаңдық жетіспейтіндей көрінеді. Жеме-жемге келгенде алғандар «Алмаған», бергендер «Бермеген» болады да шығады. Есесіне, осылай шешім шыққанына ұйытқы болғандар байып, жатады, шалқып өмір сүреді. Соңында қара халық сорлап қала береді.

Меніңше, тиынын жесе де, түгелін жесе де қатаң жаза, қатал кесім айтылса креслосын ойлағандар сәл тиылып, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық, көз қысты, бармақ басты әрекеттер де саябырситын еді. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың алғышарттарының бірі құқықтық сауаттылықты арттыру. Кейде, өз білімсіздігімізден қасқыр тірліктің азуына ілігіп, сан соғып қалатынымыз да бар. «Жемқорлық» атауын естігенде немқұрайлы қарап, өз басымызға төнбейтін бұлт секілді жайбарақатат жүре береміз де, ертеңінде еңіреп отырамыз. Айбайша айтсақ қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміздің кесірінен осы кеселдің құрбаны болып жатамыз. Сондықтан да құқықтық сананы жаңғырту бұл дерттің жолын бөгеудің алғашқы кепілі.

Кариерасын емес кәлимасын ойлаған, ақшаның емес Алланың құлы болған адам ең ауыр күнәлардың сапындағы бұл індетке жол бермесі анық. Құқықтық сананы жаңғыртумен қатар діни сауаттылыққа, имани түсінікке, шариғат шарттарына жүгінгендер жемқорлықсыз болашақтың баяндылығын бек түсінетіндері хақ.

Ұлт руханиятын ұлылыққа жетелеген Елбасымыз Н.Назарбаев мемлекетіміздің берік ергетасының қалануына кедергі қылатын айтулы фактордың бірі – жемқорлық екенін ескертуден жалыққан емес. Халық тірлігіне тың төңкеріс әкелген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты соңғы Жолдауының тоғызыншы басым бағытында «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту керек» деп атап көрсеткен болатын. Себебі, бұл індет тәуелсіз ел экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған үлкен әлеуметтік қасірет болып отыр.

Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың береке-бірлігіне, атақ-абыройына, даңқы мен парқына, әр азаматының конститутциялық құқықтарына елеулі нұқсан келтіретін құбылыс екендігі айқын. Сондықтан да онымен күресті тек құзыретті орган қызыметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салу қате-ұшқары пікір. Себебі, мемлекетіміздің қалыптасу жолында әрбіріміздің қолтаңбамымыз тұрғаны абзал.

Тарих қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ, дала ділмарлары атанған дана бабаларымыздың түсінігінде «Жемқорлық», «Парақорлық» дегендер кездеспеген. Әр келелі іске төрелік еткен төбе билердің қара қылды қақ жарған әділдіктерінің арқасында ешкімнің де жекеменшігіне артық ауыз сөз, қисық көз түспеген. Қазіргі заманғыдай ағаларының арқасында заң шеңберінен асса да тайраңдап жүре беретін тұлғалар болмаған.

Ал бүгін атқаны жетіп, айтқаны өтіп тұрған ауқаттылар, ат төбеліндей болса да билік биігінде отырғандар, қаражаты мен көкесі барлар көптің қалауымен санаспайтынын байқаймыз. Оң қалтаға бір уыс, сол қалтаға бір уыс ақша салып, армандағандарын алдарына, көксегендерін қолдарына алдырады. Сөйтіп, дағдарыстың дәурені ойнаған дәуір сынағынан сүрінген халыққа азуларын батыра түседі.

Сондықтан, аталмыш кесапатпен күрес тоқтаусыз, қатаң әрі нәтижелі түрде жүргізілуі тиіс. Бұл саясаттың тиімділігін арттыра түсу кез келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл көзқарас серпінді дамып келе жатқан, жаһандық бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды.

Қазақ елі тастүйін ымырашылдығын жоғалтпаса, оларға алынбайтын қамал жоқтығын түсінсе игі еді. Атқа мінсе түсуі қиын, тебісінен тұлпары теңселіп, атойлағанынан қай дұшпаны болмасын қаймығатын рухты халықпыз. Ұшаң-теңіз сары даланы сахна еткен, Сарыарқада салтанат құрған, ұлан-ғайыр атырапты билеп-төстеген ел, «Жемқорлық» іспеттес іріткіден именеді дегенге сенбес едім. Құдайы мен ханынан өзгеге тізесі бүгілмеген, басы иілмеген ұлт бұл дерттің де шырмауынан шығары сөзсіз. Бізге керегі тек әрекет.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: