Талдықорғанда Журналистер үйінің төменгі қабатында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, салауатты өмір салтын ұстанғысы келетіндер үшін жаттығу залы ашылды.
Аталмыш нысан облыстық, ақпараттық-танымдық, отбасылық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерей тойына орай ашылып отыр.
Салтанатты ашылу салтанатына қазақ телевизиясының майталман журналисі Тілеуқабыл Мыңжасар, Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерініңбас редакторлары Әміре Әрін, Атсалим Идигов қатысып, лентасын қиды.
«Бүгін аспаннан шұға жауған күн болды. Неге десеңіз, Бұқаралық ақпарат құралының айдынындағы ақ кеме сияқты ғимаратымызда жаңа жаттығу залы берілді. Бұл деген журналистердің шабытына шабыт қосып, жұмыс сапасын ғана емес көлемінде арттыруға себебін тигізеді. Журналистер қауымы үшін осындай жақсылық жасаған облыс әкімі Амандық Баталовқа, ішкі саясат басқармасына алғыс білдіремін»,-деді «Жетісу»газетінің бас редакторы Әміре Әрін.
Құттықтау сөздерінен кейін жиылғандар жаңа кешеннің ішкі құрылымымен танысты.Мұнда спортсүйер қауымы үшін велотренажер, белтемір, жүгіретін жол, пресске арналған белтемір және өзге де көпфункциялы құралдар қолжетімді.
Айта кету керек, «Zhetysufit»жаттығу залы Алматы облысы әкімінің қолдауымен, ішкі саясат басқармасының ұсынысымен қолданысқа берілді.