Көл менен таудың, құм менен нудың үстінде жатқан ауданымыздың қойнауы тұнған байлық, құшағы толған береке екендігі айтпаса да белгілі. Жомарт даласына қарай жұртшылығы да жайсаң һәм жылы жүректі. Еңбекке құмар, жақсылық атаулыға жақын келеді. Осының арқасында ит жылынан молынан игілігін еншілеп, доңыз жылына абыроймен аяқ басты.
Артта қалған 12 айдың қорытындысын пысықтап, өңіріміздің өрлеуі мен өркендеуі жолында аянып қалмаған алакөлдіктерді марапаттау мақсатында жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімі Ә.Жақанбаев мерекелік қабылдау өткізді.
Оған Алакөлдің белді, беделді тұлғалары, айтары бар азаматтары, жергілікті округ әкімдері, мекеме, бөлім, кәсіпорын, құқық қорғау органдарының, әскери бөлімдердің басшылар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қысқасы аудан тірлігіне қызу араласып жүргендер түгелей қатысты.
Шараның шымылдығы өңіріміздің 2018 жылдағы жетістіктері мен жеңістерін түгендеген видеороликпен ашылды.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев жиналғандарды төрімізге озған доңыз жылымен құттықтап, жылдық жұмыстың қорытындысына тоқталып өтті. Тоқсан жылдығын дүрілдетіп өткеріп, арғысын айтқанда күллі республикаға, бергісі облысымызға жаңаша танылған, талай сәні мен сәулеті ұштасқан ғимараттары бой көтерген өлкеміздің бүгінді дәрежесі барлық тұрғындардың еңбегінің арқасы екендігін жеткізді.
Артынша «Жыл үздігі» аудан әкімінің жүлдесі табысталып, 2018-де табанды қызметімен көзге түскендер марапатқа ие болды. Атап айтсақ, Достық ауылдық округінің әкімі Қ.Қайранбеков «Жыл әкімі», аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов «Жыл басшысы», «Алакөл – Су» МКК «Үздік кәсіпорын», Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы «Үздік мекеме», Ә.Нұрсейітов «Жыл демеушісі», Ұ.Дүйсебаева «Үздік қоғамдық ұйым», А.Қожекенов «Жыл кәсіпкері», Г.Икембаева «Жыл өнерпазы» атағын иемденсе, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Л.Қосантаева «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» медалімен марапатталды. Ал «Алакөл – Асыл құрылыс» ЖШС-нің басшысы Н.Ермекеев «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденін кеудесіне тақты.
Сондай-ақ аузы дуалы ақсақалдар, әр саланың өкілдері, лауащымды азаматтар сөз сөйлеп, ауданымызда атқарылып жатқан игі істерге оң бағаларын берді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.