«Жылан болсаң дәуіт бар, жуан болсаң халық бар»…


Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні қара басының қамы мен асқазанының ау-жайына ғана алаңдайтын атқамінерлердің, парасаттылықтың парқына бойламайтын парақорлардың, ел қазынасын шімірікпестен жұтқыншағына қылғыта салатын жемқорлардың кесірінен өркениеттің даму көшіне ілесуді мақсат тұтқан еліміздің алға қадам басуына тұсау, кемелденуіне кедергі келіп тұр. Қоғамның барлық сатысында қаптап үлгерген дерттің асқынғаны көңілге кірбің ұялатады. «Жемқорлыққа жол жоқ» деген желеумен талай мінберлерден ауызымызды толтыра айқанымызбен, «осының түп-тұқиянына қалай балта шабуға болады?» деген сауалға жауап іздеген абзалырақ па деймін…

Осы күнге дейін шекеміздің шылқып, сүрепетіміздің сүреңсізденгеніне де осы бір сұмпайы кеселдің дендеп алғаны себеп болып отыр. Онымен қоса, оңай ақшаны олжа санайтын оспадарлардың  да айы оңынан туып, күні шығыстан атуда. Қулығына құрық бойламайтын сондайлардың жеме-жемге келгенде жазадан жылыстап кететіні тағы бар. Тере берсең, таңды таңға ұрып, талай күнді атыруға болады. Ең бастысы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен пара берудің, пара алудың жолын кесуде қоғамдық белсенділік танытуымыз қажет деп баса айтар едім. Әйтпесе, сол баяғы «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кебін кимесімізге кім кепіл ?…

Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдарынан болса керек. Сондықтан да оған қарсы күресте азаматтарымыздың  жүрегіне рухани ізгіліктер мен құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан азғындалған адамның қандай болсын тірлікке баратыны ақиқат қой? Сол себепті де, әрбір адамның жан-дүниесіне мөлдірлік сыйлар рухани байлығымызды кең тұрғыда насихаттаумен айналыссақ, жетер жетістігіміз толымды бола түспек. Рухани байлық пен материалды байлықты таразының екі жағындай тең ұстай алғанымызда  ғана қоғамымыздың дамуы орнықты болары сөзсіз. Жеке тұлғаның адамгершілік санасының биіктігі – оның алған тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайтын өлшем болып табылады. Әрбір тұлғаның өзіне тән барлық адами  қасиеттері рухтан нәр алады. Ал жаман, жағымсыз қасиеттер – нәпсі мен қу құлқынның құтыруының көрінісі. Міне, осы себепті де жемқорлықпен күресті рухани сананы тазартудан бастасақ, әрбір адам нәпсінің тұтқындығынан босап, елі мен жеріне адал қызмет етер азаматқа айналар еді.

Қазіргі күнге дейін жемқорлықпен күресу үшін түрлі әдістер қолданылып келді. Соның ішінде, жемқорлық фактілерімен ұсталған азаматтарды жұмыстан аластатып, ол лауазымға қайта орала алмайтындай еттік, айыпқа тарттық, соттадық, түрмеге тоғыттық. Алайда одан бәлендей бір марқадам таппадық. Себебі, біреуін жазалағаныңмен, тура сондай тойымсыз екінші бір тоғышар пайда болады. Осы себепті де, халық арасында ағарту жұмыстарын, қарсы насихат шараларын тереңінен жүргізу керек деп санаймын. Бақа есебін бәрінен биік қоятын бұндайлардың таным-түсінігіне төңкеріс жасамай, нақты нәтижеге жетемін деу – сөкеттік болар. Жауырды жаба тоқып, жалған ұранды алға сүйрегеннен табатынымыз шамалы. Дегенмен, осы бір кеселдің кесепатын келер ұрпаққа жеткізіп кетуде ағартушылық жұмыстарының алатын орны ерекше екені ақиқат. Өйткені, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді ғой қазақ. Мұны тек денсаулыққа ғана емес, жалпы қоғамға қара айтылған сөз деп қабылдаған ләзім. Олай дейтініміз, біз тек мәселенің себеп-салдарымен ғана күреспей, оны болдырмаудың алғышарттарына үңілуге тиістіміз. Сол уақытта ғана қоғамның саулығы, яғни жемқорлықтан ада қоғамның қалыптасатыны лажсыз.    

Сана саңылауымызға шегеленіп қалған стереотиптер тәуелсіз ойлауға әлі де кесірін тигізіп келеді. Осы ретте, Шәкәрімнің «ноқталы ой» туралы айтқаны ойыма оралып отыр. Жалпы қазақ тұрмысында мінезді жылқыларға ауа жайылып кетпесін деп «шідер», «тұсау» салады. Шідер жылқының алдыңғы екі аяғын, оған қоса артқы бір аяғын қоса тұсайды. Үш аяғы тұсалған жылқы ешқайда да кете алмайды. Айтпағым, қазақ халқының санасына да осындай бір «шідер» салынып тұрған сықылды. Тәуелсіздік ол «шідерді» алып тастағандай еді, алайда біз әлі «шідерлі» қалыпта секілдіміз. «Шідер» жоқ, дегенмен «шідерлі ойлау» сақталған. Бәрінің де асап қалғысы, қолында барда қонышынан басқысы келіп тұрады. Бірақ та «жылан болсаң дәуіт бар, жуан болсаң халық бар» екенін ұмытпаған дұрыс…

Темірлан АЙТБАЕВ

Алматы облысы

Дін саласындағы мәселелерді

зерттеу орталығы КММ-нің

қоғаммен байланыс маманы

Мәліметпен бөлісу: