2017 жыл өңіріміз үшін табысты аяқталғанын облыстағы аудандардың үздік үштігіне енуімізден-ақ байқауымызға болады. Қазынамызға қарайласақ бұрындары ойға алуға да сескенетін межелерді бағындырдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен туризм саласының асығы алшысынан түсті. Дәстүр бойынша жылдық жұмыс пысықталып, еншіміздің еселенген тұстары мен есе кеткен сәттерге есеп беру жалғасуда.
Арқарлы ауылдық округі
«Таңғы нәсіп тәңірден» демекші күн көтерілмей жатып-ақ халық мектеп ғимаратының мәжіліс залын толтырып үлгерді. Көбі аузы дуалы ақсақалдар, орта жастағы ағаларымыз. Жастар жағы аса бір белсенділік таныта қоймағандарын аңғардық.
Жалпылай алғанда аталмыш округтің жағдайы жаман емес. Жаңа спорт алаңы салынып, мектептің жылу жүйесі жөнделген. Мал шаруашылығында да кішігірім өсім байқалады. Алайда су тапшылығының салдарынан егістік алқабының өнімділігі төмендеп, диханшыларға салмақ түсіп отырғанын жұртшылық жарыса айтты. Барлығының да уәжі сол. Осыған орай ауданы әкімі Ә.Жақанбаев канал бойына арнайы нысан салып, су жеткізу мәселесін қадағалауға алуды тапсырды. Сонымен қатар судың 40 пайызына дейінгі бөлігі жерге сіңіп кететіндіктен, каналдарға төзімді жабын төселіп, жөндеу жүргізілетіндігі ескертілді. Тағы бір айта кететін жайт, су арнасын тазалау барысында жұрттың жұмыла күрек көтермеуі. Бір-біріне сілтеген қалпы іс кейінге шегеріліп, ақыры аяқсыз қалуда. «Мен шықсам, анау бармайды, мынау келмейді» деген ұсақ әңгіме гулеп кетті. Ауыл азаматтарының бір байламға келе алмай, су жолын тазалау мәселесінде енжарлық танытуларынан таяқтың екінші ұшы өздеріне тиіп отыр. Тығырыққа тіреген тақырыптың кезектісі – жол машақаты. Аудан орталығына дейінгі жетпіс шақырым тас жолдың жағдай көптің көңілін күпті қылып жүр. Бұл олқылықты облыстық жол бірденке басқармасы басшысының орынбасары Б.Бірденке алдағы уақытта ретке келтіретіндіктеріне уәде берді.
Еңбекші ауылдық округі
Соңғы жылдары бұл елді мекенге басшылықтың назары оңынан түсті. Мектеп ғимараты мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, полиция учаскесі салынды. Тас жолдар жаңа, егін бітік, мал қоңды. Округ әкімі А.Бірднкенің есептік баяндамасынан аңғарғанымыз жұрттың бірлігі мықты, тірлігі құтты. Жоспарға сай жұмыстар атқарылған. Орталық көшеге жарық бағаналарын орнату және жеке демеушілердің есебінен саябақ салу көзделіп отыр. Алайда сынға іліккен жағдайларда кезікті. Ең алдымен айтылғаны ауыл ішіндегі тас жолдардың тазалығы. Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауыл болғандықтан ба төрт түліктің қалдықтары көшеде көптеп кездеседі. Кіреберістегі үйлердің қоршауларының да көркі кеткен. Бұның барлығы осы жердің тұрғындарына сын екендігі жасырын емес. Сонымен қатар бірнеше көшенің атауы біреу ғана болғандықтан осы жерден шыққан, елге, жерге еңбегі сіңген азаматтардың атын беруді қолға алу тапсырылды.
Жанама ауылдық округі
Округ әкімі Т.Байзақов Қарабұлақ, Жанама, Ескі Жанама елді мекендерінің соңғы жылдағы даму сатысына тоқталып, атқарылған жұмыстарын жіп бойына тізгендей саралап шықты. Қарабұлақ орта мектебі күрделі жөдеуден өткен, «Лашын Нұр Дала» ЖШС-і құны 1 млрд. 515,5 млн. теңгені құрайтын құс өсіру кешенінің құжаттарын реттеп, құрылысына кіріскелі отыр. Әуежай да осы округ аумағында бой көтерді. Өңір басшысы Ескі Жанамаға көбірек көңіл бөліп, мектептегі ауыз су мәселесін реттеп беруді тапсырды. Сонымен қатар жұрттың наразылығы округке берілген жедел-жәрдем көлігіне түсті. «Бұзылуы көп, көмегі жоқ»,- дейді ауыл тұрғындары. «Бұл түйткілді де жуық арада жөнге келтіреміз»,- деп отыр аудандық орталық аурухананың директоры А.Бутабаев. 2018 жылға деген жоспарлар да көңілге қонымды. Құс өсіру кешенінің құрылысын бастау, Қарабұлақ ауылына дәрігерлік пунк, Жанамаға полиция учаскесін салу көзделуде.
Үш округтің тұрғындары өңір басшысы мен аул әкімдерінің есебіне оң бағаларын берді. Ағымдағы жылы алдағы мақсат-міндеттердің барлығы толықтай орындалуына тілектеспіз. Іске сәттілік.
Жыланды ауылдық округі
Былтыр ғана тағайындалған өңіріміздегі ең жас әкім Самат Копчикбаев округте 2017 жылы атқарылған жұмыстарды пысықтап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Өткен жылдың қорытындысын таразыласақ ілгері жылжу аңғарылады. Жыланды ауылында дәріхана бой көтерген, потранаттық тәрбиелеуге төрт бала алынып, белгілі меценат Бауыржан Кеңесбекұлының демеушілігімен асырап алушыларға тұрғын үй сыйлыққа берілген. Есім төре кесенесі жаңғыртылып, ауыз су тарту үшін құжаттар толықтай рәсімделіп болған. Ауылшаруашылығының да асығы оңынан түсіпті. Өнім мол, халықтың жағдайы көңілге қонымды. Алайда талай уақыт бойы шешімі табылмай жүрген балабақшаның мәселесіндегі мердігердің былығына, Төңкеріс ауылындағы мектептің, жолдың, көпірлердің жағдайына, дәрігерлік пунктің бүгінгі келбетіне және учаскелік инспектордың қызметіне наразылық білдіргендер болды. Барлық сұрақтар бойынша арнайы бөлім, мекеме басшыларына олқылықтарды жуық арада ретке келтіру тапсырылды.
Лепсі ауылдық округі
Округ әкімі Ринат Құрмаев өзінің есептік баяндамасында 2017 жылы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді саралап, алға қойған мақсат-міндеттерге тоқталды. Бірнеше ұлттың өкілі тұрақтаған өңірдің тынысы бірқалыпты, тұрмысы жақсы. Ел тыныш, жұрт аман. Уақыт өткен сайын ауыл көркейіп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бал және мал шаруашылығында өсім байқалады, егістікте де өнім мол. Ит жылы жастар аллеясын салу, сыр өңдеу цехын ашу, төрт түлік төлін асылдандыру, сүтті бағыттағы ешкі өсіру, бал дайындауды арттыру, фельшерлік-амбулаториялық пунктің құрылысын бастау, экотуризмді дамыту сынды ірі-ірі жоспарлар жүзеге асырылмақ. Тұрғындар өңір басшысы мен округ әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Жиында егістік алқаптың 700 гектар жері игерілмей қалуы және ауылда қаңғыбас иттердің көбейіп кетуі сынды түйткілді мәселелер көтеріліп, тиісті шешімдер қабылданды.
Екпінді ауылдық округі
Қазақылық қонақжайлық пен береке-бірліктің иісі аңқып тұрған аталмыш елді мекен тұрғындары есеп берушілерді жылы лебізбен қарсы алды. Округ әкімі Әділхан Қыстаубаев баяндамасында өткен жылы атқарылған істер жайлы есеп беріп, алдағы уақыттағы жоспарларына тоқталды. Артта қалған жылда айтулы өзгерістер орын алған. Атап айтсақ Қарлығаш ауылына ауыз су тартылып, М.Әубәкіров атындағы орта мектептің маңайына спорт алаңы салынды. Тиісінше, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға игі қадамдар жасалып отыр. Жиында мал жайылатын жерлердің тапшылығы мен жұмыспен қамтылмағандардың көптігі сын тезіне алынды. Аталмыш округтің ағымдағы жылға деген жоспарлары да ауқымды көрінеді. Екпіндідегі мәдениет үйі мен Қарлығаш ауылындағы дәрігерлік пунк жөндеуден өтпек, полицияның учаскелік ғимараты салынбақ.
Үш елді мекеннің де тұрғындары өңір басшысы мен округ әкімдерінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.