
2021 жылы Талдықорған қаласының аумағында 55 өрт тіркелген. Ол өткен жылмен салыстырғанда 23 жағдайға төмен. Бұл туралы «Jetisý Media» ақпараттық алаңында Талдықорған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Ержан Адилханов баяндады.
Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың негізгі үлесі азаматтардың жеке тұрғын үй секторындағы өрттерге тиесілі.
«Өрттің негізгі себептері жеке тұрғын үй иелерінің қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы болып табылады. Соған байланысты, жылдағы жоспар бойынша, ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін өрт қауіпсіздігі айлығы және өрт қауіпсіздігі сенбілігі шеңберінде қаланың жеке тұрғын үйлерін 45% аралау жүзеге асырылды»,– дейді Ержан Адилханов.
Сондай-ақ, брифинг барысында улы газбен уланудың алдын алу туралы ақпарат айтылды. Жыл сайын жылыту маусымы кезінде адамдар улы газбен кездейсоқ жағдайда уланудан көз жұматыны баршаға мәлім. Улану қаупін азайту үшін бірнеше маңызды қадамдарды білу қажет:
- жыл сайын жанғыш отынмен жұмыс істейтін барлық құрылғыларды (газ плиталарды, газды су жылытқыштарды, каминдар және ағаш пештерді) тексеріңіз.
- пеш құбырларының, түтіндіктердің және желдеткіш люктердің жай-күйін үнемі тексеріп отырыңыз.
- егер сізде улану белгілері болса, әсіресе бірнеше адамның белгілері бірдей болса, дереу дәрігерге көрсетіңіз.
Жанғыш отынмен жұмыс істейтін құрылғыларды пайдаланған кезде қауіпсіздік техникасын сақтаңыз: - ешқашан керосин немесе пропанмен жұмыс істейтін жылытқыштарды жабық үй-жайда пайдаланбаңыз (мысалы, автофургонда, дөңгелекті үйде, тіркемеде немесе шатырда).
- ешқашан үйде газ немесе көмірмен жұмыс істейтін грильді пайдаланбаңыз.
- ешқашан үйді жылыту үшін газ пешін пайдаланбаңыз.
- өрт толығымен сөнгенше каминнің немесе пештің мұржасындағы жапқышты жаппаңыз.